Сатпаевке орын табылмады: «Бернлидің» жаңа бас бапкері матчқа арналған құрамды жариялады
Англияның «Бернли» клубының жаңа бас бапкері Фабио Челестини Чемпионшиптің 13-туры аясында «Портсмутқа» қарсы өтетін матчқа арналған құрамды анықтады. Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев алдағы кездесуге команданың өтініміне енбеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан құрамасының 18 жастағы футболшысы «Портсмутқа» қарсы өз алаңындағы матчта негізгі құрамға да, қосалқы ойыншылар қатарына да кірмеді. Осылайша, Сатпаев ағылшын чемпионатының кезекті кездесуін өткізіп алады. Қазақстандық форвардтың өтінімге енбеу себептері әзірге нақтыланған жоқ. Матч сенбі, 31 қазанда өтеді және Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Фабио Челестини шәкірттері алдағы кездесуге алдыңғы турда «Линкольннен» 1:4 есебімен ойсырай жеңілгеннен кейін шығады. Ал «Портсмут» соңғы матчында өз алаңында «Милуоллды» 2:1 есебімен жеңді. Чемпионшиптегі 12 турдан кейін «Бернлидің» еншісінде небәрі сегіз ұпай бар, ал оның алдағы қарсыласы 18 ұпай жинаған.
Осы маусымда Дастан Сатпаев «Бернли» сапында жеті матч өткізді, алайда әзірге нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады. Қазақстандық шабуылшының еншісінде гол да, нәтижелі пас та жоқ. Енді футболшы жаңа бас бапкер Фабио Челестинидің жетекшілігімен негізгі құрамдағы орны үшін күресін жалғастырады.