Тұғырдан бір қадам жерде: қазақстандық балуан 2026 жылғы әлем чемпионатында қоланы уыстан шығарып алды
Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық еркін күрес шебері Асыл Айтақын қола медаль иелене алмады. 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын үшін өткен белдесуде қазақстандық балуан АҚШ өкілі Маркус Блейзден жеңілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қола жүлде үшін шешуші белдесуде Асыл Айтақын америкалық Маркус Блейзбен кездесті. Қарсыласу АҚШ өкілінің 4:2 есебімен жеңісімен аяқталды. Осылайша, Блейз әлем чемпионатының қола жүлдегері атанса, қазақстандық спортшы бесінші орынға жайғасты.
Айтақын жүлдеге таласатын белдесуге дейін үш жеңіске жетті. Алдымен ол Қырғызстан өкілі Өмірбек Асан уулуды 4:0 есебімен ұтты, кейін әзербайжандық Нураддин Новрузовтан 5:4 есебімен басым түсті. Ширек финалда қазақстандық балуан германиялық Хорст Лерді 8:1 есебімен сенімді жеңді, алайда жартылай финалда ирандық Ахмад Масуд Мохаммаднежаджаваннан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Америкалық балуан Мохаммаднежаджаваннан да жеңілген болатын, бірақ ширек финалда 2:3 есебімен ұтылды. Ирандық спортшы финалға шыққаннан кейін Блейз жұбаныш кезеңі арқылы қола жүлде үшін күресті жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Ол жерде америкалық Үндістан өкілі Нихилді 9:1 есебімен ойсырата жеңіп, Айтақынмен белдесуге жолдама алды. Айта кетейік, Маркус Блейз 2025 жылы 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанған. Бұған дейін америкалық балуан 17 жасқа дейінгі жас санатында да әлем чемпионатында жеңіске жеткен.
Еске салайық, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 2026 жылғы әлем чемпионатының төрт қола жүлдесі бар. Тұғырдың үшінші сатысына Зейнеп Баянова, Исхар Курбаев, Айдос Сұлтанғали және Бағдат Сабаз көтерілді. Сонымен қатар, Нұрқожа Қайпанов елде өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шыққан Қазақстанның алғашқы өкілі атанды. 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында ол жапониялық Ёсиносукэ Аоягиді 3:1 есебімен жеңді. Қайпановтың алтын медаль үшін шешуші белдесуі 1 қарашада өтеді.