БАҚ Мануэль Нойердің екінші баласы дүниеге келгеннен кейін әйелімен ажырасуының жай-жапсарын жариялады
«Баварияның» неміс қақпашысы Мануэль Нойер екінші ұлдары дүниеге келгеннен бірнеше күн өткен соң жұбайы Аникаға ажырасқысы келетінін айтқан, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл туралы BILD басылымы хабарлады.
Газеттің мәліметінше, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасындағы қиындықтар 2026 жылдың тамыз айының соңында екінші баласы дүниеге келгеннен кейін ушыққан.
40 жастағы футболшының жеке өміріне неміс БАҚ-тарының назары оның Бразилияға сапарынан кейін күшейді. BILD мәліметінше, 15 қарашада Нойерге 23 жастағы қыз серік болған. «Баварияға» жақын дереккөздің айтуынша, ол футболшының физиотерапевті болып жұмыс істейді.
Басылымның хабарлауынша, қақпашы мен қыз бірнеше ай бұрын жақындасып, арадағы қарым-қатынас кәсіби шеңберден шыққан. Атап айтқанда, қыркүйек айының соңында олар Италияның Сицилия аралында бірге демалған болуы мүмкін. Газеттің мәліметінше, Бразилияға сапарында Нойер мен серігі бір қонақүй нөміріне тоқтаған.
«Баварияның» спорт директоры Макс Эберль бұған дейін клубтың қақпашының сапарынан хабардар болғанын растады. Оның айтуынша, оң аяғындағы сіңір жарақатынан айығуы үшін Нойерге бір апталық демалыс берілген. Футболшы Рождество үзілісінде оңалтуын жалғастырып, қаңтарда жаттығуға оралуды жоспарлап отыр.
Отбасылық жағдайға келсек, BILD басылымының жазуынша, Аника күйеуінің басқа әйелмен қарым-қатынасы барын біледі. Қазір ол үшін екі кішкентай ұлының амандығы бәрінен маңызды.