«Оған жастармен не үшін төбелесу керек?» — сарапшы IBA Nomad 16 турнирінде Жұмагуловтың жеңілісіне баға берді
17 қазанда Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен IBA Nomad 16 турнирінде UFC-дің бұрынғы файтері Жалғас Жұмагулов жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жек ережесі бойынша Асрор Акпарходжаевтан жеңілді, деп хабарлайды Sports24.kz
Бапкер әрі бокс сарапшысы Алмас Жақыпов Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында жекпе-жекке қатысты пікірін білдіріп, қарсыласты таңдаудың қазақстандық спортшы үшін неге ең сәтті шешім болмағанын түсіндірді.
Кездесу турнирдің басты кардында өтіп, Акпарходжаевтың төрешілердің бірауызды шешімімен жеңісімен аяқталды.
«Жекпе-жек бокс ережесі бойынша өтсе, Жако жеңіске жетер еді»
Жақыповтың пікірінше, жекпе-жектің нәтижесіне Акпарходжаевтың дәл жалаң жұдырықпен өтетін айқастардағы тәжірибесі әсер еткен. Ал классикалық бокс ережесі бойынша басымдық Жұмагулов жағында болуы мүмкін еді деп санайды сарапшы.
«Мен бұл жекпе-жекті көрдім. Бастапқыда Жалғастың жеңілетінін ойладым, бірақ оның жас қарсыласын жеңе алатынына бәрібір үміт болды. Меніңше, бұл жерде Акпарходжаевтың дәл жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жектерде тәжірибелі болуы маңызды рөл атқарды.
Егер бұл жекпе-жек бокс ережесі бойынша өткенде, Жако сөзсіз жеңер еді. Ал жалаң жұдырықпен төбелесте қарсылас белгілі бір айла-тәсілдерді біледі. Мысалы, Жалғастың өзі төрешінің назарын бірнеше рет аударған баспен соғу әрекеттері болды. Менің ойымша, рефери өз жұмысын нашар атқарды және мұндай эпизодтар үшін жеткілікті қатаң жаза қолданбады», — деді Жақыпов.
«Жалғасқа жастармен не үшін төбелесу керек?»
Сарапшы Жұмагуловтың өзінен жасы кіші қарсыластармен жекпе-жек өткізуінің қаншалықты орынды екеніне де күмән келтірді. Оның пікірінше, қазақстандық спортшы көрермен қызығушылығын арттыратын басқа нұсқаларды қарастыруы керек.
«Мен түсінбеймін: Жалғас — менің құрдасым, оған жастармен не үшін төбелесу керек? Ол өзіне немесе өзгелерге нені дәлелдегісі келеді? Муратбек немесе Қуат Хамитов секілді анағұрлым ыңғайлы қарсыластарды — ардагерлерді немесе деңгейі уақыт өте төмендегенімен, есімі әлі де дүркіреп тұрған файтерлерді таңдаған дұрыс.
Мысалы, Жалғас үшін ресейлік жұлдыздардың бірімен жекпе-жек өткізу қызықты болар еді. Расул Мирзаев — жақсы нұсқа. Немесе Жалғас Fight Nights кезіндегі бұрынғы қарсыластарының бірімен айқас ұйымдастыруға болады», — деп есептейді сарапшы.
«Егер қарсыласынан ұпай шегерілсе, Жалғастың жеңіске жетуге мүмкіндігі болар еді»
Қорытындылай келе, Жақыпов Жұмагуловтың жеңілісін жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жек ережесін ескерсек, заңды нәтиже деп атады. Алайда қарсыластың ереже бұзған эпизодтарына назар аударды.
«Жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жек ережесі бойынша жеңіліс — заңды. Бірақ қарсылас ереже бұзғаны үшін ұпайынан айырылса, Жалғастың жеңіске жетуге мүмкіндігі болар еді. Ал жалпы, оның мұндай жас жігіттермен не үшін төбелесетінін түсінбеймін», — деп қорытындылады Жақыпов.
Бұған дейін Жұмагулов лигада сәтті дебют жасап, IBA Nomad 14 турнирінде қырғызстандық файтер Дәурен Нұрлан уулуын нокаутпен жеңген еді.