Қазақстандық маман «Андерлехт» — «Қайрат» қарымта матчының нәтижесіне болжам жасады
Қазақстандық танымал футбол маманы Алмас Құлшынбаев Еуропа лигасының плей-офф кезеңі аясындағы «Андерлехт» пен «Қайрат» арасындағы қарымта матчқа болжамын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Маманның пікірінше, қазіргі таңда бельгиялық клуб ойын деңгейі жағынан алматылықтардан айтарлықтай басым. Сонымен қатар Құлшынбаев «Қайраттың» құрамына және оның тереңдігіне қатысты мәселелер бар екенін атап өтті.
«Мен бұған дейін де «Қайраттың» құрамы мен оның тереңдігіне байланысты күрделі мәселелері бар екенін айтқанмын. Александр Мартыновичтің қарымта кездесуге қатыса алатыны-алмайтыны белгісіз. Бүгінде «Андерлехт» жай ғана мықтырақ. Еуропалық командалар босаңсуға бейім емес. Сондықтан бүгін бельгиялықтар бар күшін салмаса да, кем дегенде 80 пайыз мүмкіндігімен ойнайды. Бельгия футболы өрлеу үстінде және деңгейі әлдеқайда жоғары. «Андерлехт» тағы да бір-екі доп айырмасымен жеңіске жетеді деп болжаймын», — деді маман.
Қарымта матч Брюссельде өтеді және Қазақстан уақытымен сағат 23:30-да басталады. Алматыда өткен алғашқы кездесу «Андерлехттің» 3:0 есебімен сенімді жеңісімен аяқталған.