Қазақстан құрамасының бас бапкері Ұлттар лигасындағы Молдоваға қарсы жеңіліске жауапкершілікті өз мойнына алды
Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип Ұлттар лигасындағы Фарер аралдарына қарсы матч туралы пікір білдіріп, Молдоваға қарсы кездесудегі жеңілісті талдады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алдыңғы турда қазақстандықтар өз алаңында Молдова құрамасынан 1:2 есебімен жеңілді. Енді ұлттық құрама тағы бір үй матчында Фарер аралдарына қарсы ойнайды.
Ван ’т Схиптің айтуынша, команда сәтсіз нәтижеден кейін жанкүйерлердің көңілі қалғанын түсінеді.
«Әрине, Молдоваға қарсы соңғы матчтағы нәтижеге көңіліміз толмады. Біз ойыншылармен сөйлестік және Қазақстандағы барлық жанкүйерлердің де қатты ренжігенін түсінеміз. Ертең бәрі өзімізге байланысты: біз ес жинап, нәтиже үшін күресіп, әлдеқайда тәртіпті ойнауымыз керек. Мен мұнда командаға көмектесу үшін келдім, бұл менің жаттықтырушы ретіндегі жұмысым. Әрине, жауапкершілікті өз мойныма аламын», - деді маман.
Нидерландтық маман қазақстандық көмекшілерімен жұмысын жалғастырып жатқанына, өзінің жаттықтырушылар штабын алып келмегеніне қатысты сұраққа да жауап берді.
Ван ’т Схип жергілікті мамандардың жұмысына көңілі толатынын және олардың қазақстандық футболшыларды жақсы білуін маңызды артықшылық санайтынын атап өтті.
«Қазіргі жаттықтырушылар штабының жұмысына толықтай көңілім толады. Олар — жоғары деңгейдегі мамандар. Мен басынан бастап қазақстандық жаттықтырушылармен жұмыс істегім келді. Олар барлық қазақстандық футболшыларды жақсы біледі. Біз матчтарды көріп, видеоларды талдап, шешімдерді бірге қабылдаймыз, бірақ соңғы жауапкершілік бәрібір менің мойнымда», - деді бас бапкер.
Сондай-ақ ван ’т Схип Молдоваға қарсы матчтағы команданың ойынына тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық құрама бірінші таймда тым сақ ойнап, қауіпті сәттерді аз жасады.
«Молдоваға қарсы бірінші таймда тым сақ ойнадық. Бізге үнемі артқа пас беруге нұсқау берілген жоқ. Алға ұмтылғымыз келді, бірақ қауіпті сәттерді аз жасадық. Екінші таймда ойын өзгерді, қанаттан көтерілген доптар мен қақпаға бағытталған соққылар пайда болды. Өкінішке қарай, басынан бастап осылай ойнай алмадық», - деді жаттықтырушы.
Айта кетейік, Ұлттар лигасының C3 дивизионындағы Қазақстан - Фарер аралдары арасындағы төртінші тур матчы 6 қазанда «Астана Аренада» өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.