Титулы жоқ болса да соцжеліде жұлдызға айналған теннисші Ева Лис
Германиялық теннисші Ева Лис әлеуметтік желілерде өзіне көпшіліктің назарын аударып үлгерді. Ол Киевте дүниеге келген, екі жасында отбасымен бірге Германияға көшіп барған. Қазір оның мансабын жүздеген мың жанкүйер әлеуметтік желі арқылы бақылап отыр, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ева Лис 2002 жылдың 12 қаңтарында дүниеге келген. Оның әкесі Владимир Лис кезінде Украина құрамасының атынан Дэвис кубогінде өнер көрсеткен. Кейін спорттық мансабын аяқтап, жаттықтырушылыққа бет бұрып, қызының бапкері атанды. Ева тенниспен шамамен бес жасында айналыса бастаған.
2020 жылы неміс теннисшісі ITF сериясындағы алғашқы турнирінде жеңіске жетіп, содан кейін рейтингте біртіндеп жоғарылай бастады. Ал WTA деңгейіндегі үлкен серпілісі бірнеше жылдан кейін болды.
Australian Open-дегі серпіліс
Неміс теннисшісі іріктеу кезеңі арқылы негізгі турнирге өте алмады. Алайда ол лаки-лузер ретінде жарыстың негізгі кезеңіне қатысуға мүмкіндік алды. Лис төртінші айналымға дейін жетіп, онда әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швёнтекпен кездесті. Осылайша Ева «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі ең үздік нәтижесіне қол жеткізді.
Лис тағы бір маңызды нәтижесін 2025 жылдың күзінде Бейжіңде өткен WTA 1000 турнирінде көрсетті. Үшінші айналымда ол мансабында алғаш рет әлемдік рейтингтің топ-10 өкіліне қарсы жеңіске жетіп, Елена Рыбакинаны ұтты. Кейін неміс теннисшісі жарыстың ширек финалына дейін барды.
Осы нәтижелерден кейін Лис 2026 жылдың қаңтарында әлемдік рейтингте 39-орынға көтерілді. Бұл - оның мансабындағы ең жоғары көрсеткіш.
Айта кетейік, бұған дейін көктемде испаниялық AS басылымы Листі әйелдер теннисіндегі ең танымал медиа феномендердің бірі деп атаған. Ол кезде неміс теннисшісінің Instagram парақшасына шамамен 318 мың адам жазылған еді.
Қазір оның Instagram желісіндегі оқырмандарының саны 400 мыңнан асып кетті. Бұл әсіресе әлемдік рейтингте неміс теннисшісі 102-орында тұрғанын ескерсек, айтарлықтай көрсеткіш.
Әлеуметтік желілерінде Ева теннисті басқа қырынан көрсетеді: стиль, саяхат және жарыстардан тыс өмірі туралы жиі бөліседі. Теннисші ірі брендтермен серіктестік орнатып, жеке брендін де дамытып келеді.