«Ақтөбе» – «Қайрат»: Орталық стадиондағы аншлаг - билеттер 45 минутта сатылып кетті
Футбол
Арсен Алиев
Редактор
ФОТО: fcaktobe_official инстаграм парақшасынан
«Ақтөбе» мен «Қайрат» арасындағы аса күтілетін матчтың билеттері небәрі 45 минуттың ішінде сатылып кетті, деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.
Қос команданың кездесуі 30 мамыр күні сағат 20:00-де «Орталық» стадионда өтеді. Бұл ойын ел біріншілігінің 12-турындағы басты матчтардың бірі болмақ.
11 тур қорытындысы бойынша «Ақтөбе» 25 ұпаймен турнирлік кестеде көш бастап тұр. Ал былтырғы чемпиондар – «Қайрат» командасы 23 ұпаймен үшінші орында орналасқан.
Алдыңғы турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Жетісу» командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Ал алматылықтар өз алаңында «Оқжетпестен» 1:2 есебімен ұтылды.