«Астана» ойыншысы Түркия чемпионатына ауысуы мүмкін
«Астананың» қанат ойыншысы Нұрали Жақсылық қазіргі таңда жалға алу құқығымен «Қайсар» сапында өнер көрсетіп жүр. Ол клубтық ауыс-түйіс жасап, Түркия чемпионатына аттануы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
asnews.kz мәліметінше, Қазақстан жастар құрамасының ойыншысына Түркияның күші жағынан екінші дивизионында өнер көрсететін «Кайсериспор» клубы нақты қызығушылық танытып отыр. Ресейлік «Факел» де ойыншыға қызығушылық білдіруде, алайда түркиялық клубтың ниеті әлдеқайда нақты әрі табанды.
- Сондай-ақ оқыңыз: «Астана» футболшыларға 3 айлық жалақы бойынша қарызын төледі
Әлеуетті трансфердің қаржылық шарттары, сондай-ақ ауысымның қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Алайда Түркия чемпионатындағы жазғы трансферлік терезе 4 қыркүйекте жабылып қойған. Transfermarkt порталы Жақсылықтың құнын 200 мың еуро деп бағалайды.
«Қайсарға» жалға ауысқалы бері қанат ойыншысы тоғыз матчта үш гол соқты. Елорда клубының негізгі командасы сапында Жақсылық 44 матч өткізіп, төрт гол соқты және екі нәтижелі пас берді. Оның «Қайсармен» жалға алу келісімі 2026 жылдың соңына дейін есептелген.