Қарсыластардан командаластарға: Сатпаев «Бернлиде» жаңа серіктеске ие болды
Жапониялық жартылай қорғаушы Рэо Хататэ Дастан Сатпаев өнер көрсететін ағылшынның «Бернли» клубының ойыншысы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жапониялық жартылай қорғаушы Рэо Хататэ «бордолылармен» 2029 жылға дейін келісімшартқа отырды. «Бернли» Жапония құрамасының ойыншысы үшін «Селтикке» €8,75 млн төледі.
Бір қызығы, өткен маусымда Сатпаев пен Хататэ УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бір-біріне қарсы ойнаған. Сол кезде Дастанның «Қайраты» шотландиялық команданы жеңіп, өз тарихында алғаш рет Еуропаның ең беделді клубтық турнирінің негізгі кезеңіне жолдама алды.
Бұған дейін Сатпаевтың маусым басында маңызды көрсеткіш бойынша «Бернлидің» үздік ойыншысы атанғанын хабарлаған едік.
Айтпақшы, 2 қыркүйектен 3 қыркүйекке қараған түні Чемпионшип аясында «Бернли» өз алаңында «Мидлсброны» қабылдайды. Кездесу «Терф Мур» стадионында өтеді және Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады. «Бернли» - «Мидлсбро» матчының тікелей трансляциясы осында.
Сатпаевқа келер болсақ, Қазақстан құрамасының шабуылшысы «бордолылар» сапында Чемпионшипте екі матч және Англия лигасы кубогында бір ойын өткізіп үлгерді. «Норвичке» қарсы өткен соңғы кездесуде Дастан алаңда 90 минуттың барлығын өткізді. Оның ойыны командадағы барлық футболшылар арасында ең жоғары бағаға ие болды.