Алғашқы матчтағы қызыл қағаздан әлем чемпиондығына дейін: Мессидің Аргентина құрамасындағы жолы
Лионель Месси Аргентина құрамасымен ресми түрде қоштасты. 2005 жылдың жазында алаңға шыққаннан кейін санаулы секундта қызыл қағаз алудан басталған тарих араға 21 жыл салып аяқталды. Осы уақыт ішінде ол 207 матч өткізіп, 125 гол соқты, көптен күткен әлем чемпиондығына қол жеткізді және мансабының соңында тағы бір мундиаль финалына дейін жетті.
Sports24.kz әлем футболы тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірінің ұлттық құрамадағы ұзақ әрі оқиғаларға толы жолын еске алады.
Есте қалған ерекше дебют
Месси Аргентина ұлттық құрамасындағы алғашқы матчын 2005 жылдың 17 тамызында өткізді. Ол кезде небәрі 18 жаста болған футболшы Будапештте Венгрияға қарсы өткен жолдастық кездесудің екінші таймында алаңға шықты.
Алайда көптен күткен дебют күтпеген жерден өте қысқа болды. Месси қарсыласынан сытылып өтпек болған сәтте Вильмош Ванцак оның жейдесінен ұстап қалды. Аргентиналық ойыншы қарсыласының құрсауынан босамақ болып қолын сермегенде, төреші Маркус Мерк оған бірден қызыл қағаз көрсетті.
FIFA мәліметінше, Месси алаңға шыққаннан кейін небәрі 47 секундтан соң қуылды.
Ол кезде бұл сәттің әлем футболындағы ең үлкен оқиғалардың бірінің алғашқы тарауы екенін ешкім білген жоқ. Кейін сол қызыл қағаз Мессидің ұлттық құрамадағы ұлы жолының ерекше бастамасы ретінде тарихта қалды.

Алғашқы турнирлер мен ауыр жеңілістер
Месси көп ұзамай Аргентина құрамасының негізгі ойыншыларының біріне айналып, 2006 жылы алғашқы әлем чемпионатына қатысты. Алайда ұлттық құрамадағы басты жеңістеріне жету үшін оған ұзақ жылдар күтуге тура келді.
2007 жылы Аргентина Америка кубогының финалында жеңілді. Ал 2014 жылғы әлем чемпионаты Мессидің мансабындағы ең ауыр сәттердің біріне айналды. Аргентина финалға дейін жеткенімен, шешуші кездесуде Германияға қосымша уақытта есе жіберді.
Одан кейін 2015 және 2016 жылдары Америка кубогының тағы екі финалындағы сәтсіздік болды. Әсіресе Чилиге қарсы 2016 жылғы шешуші матч Мессиге ауыр тиді. Пенальти сериясында өз мүмкіндігін пайдалана алмаған Лео ойыннан кейін ұлттық құрамадан кететінін мәлімдеді.
Сол кезде оның Аргентинадағы тарихы үлкен жүлдесіз аяқталатындай көрінген. Бірақ Месси көп ұзамай шешімін өзгертіп, ұлттық құрамаға қайта оралды.

Барлығын өзгерткен алғашқы үлкен жүлде
Көптен күткен бетбұрыс 2021 жылы болды. Аргентина Америка кубогының финалында Бразилияны әйгілі «Мараканада» 1:0 есебімен жеңді.
Бұл Мессидің ересектер құрамасымен жеңіп алған алғашқы ірі халықаралық жүлдесі еді. Жылдар бойы финалдарда сүрініп келген футболшы ақыры ұлттық құрама сапында чемпион атанды.
Арада бір жыл өткенде Аргентина Финалиссима үшін кездесуде Италияны жеңді. Бірақ Мессидің ең үлкен арманы әлі алда болатын.

Мессиді мәңгілікке өзгерткен 2022 жыл
Катарда өткен 2022 жылғы әлем чемпионаты Мессидің ұлттық құрамадағы бүкіл жолының шарықтау шегіне айналды.
Аргентина финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде Франциямен футбол тарихындағы ең тартысты матчтардың бірін өткізді. Негізгі және қосымша уақыттан кейін жеңімпаз анықталмай, аргентиналықтар пенальти сериясында басым түсті.
Осылайша Месси мансабындағы ең үлкен арманына жетіп, әлем чемпионы атанды.
Жылдар бойы оның жетістіктерін Диего Марадонамен салыстырғанда дәл осы әлем чемпиондығы жетіспейтіні айтылып келген еді. Катардағы жеңістен кейін бұл әңгімелердің де сипаты өзгерді.
Ал 2024 жылы Месси Аргентинамен бірге Америка кубогын тағы бір мәрте жеңіп алды.

Соңғы мүмкіндік - 2026 жылғы әлем чемпионаты
39 жасында Месси өзінің алтыншы әлем чемпионатына аттанды. Мансабының соңғы кезеңінде де аргентиналық футболшы рекордтар жаңартуын тоқтатпады.
Алжирге қарсы алғашқы ойында Лео хет-трик жасап, ұлттық құрамадағы 200-матчын өткізді. Сонымен қатар ол алты әлем чемпионатында өнер көрсеткен алғашқы футболшы атанды.
Аргентина тағы да турнирдің соңына дейін жетіп, әлем чемпионы атағын қорғауға бір қадам қалғанда тоқтады. 2026 жылғы мундиаль финалында аргентиналықтар Испанияға 0:1 есебімен есе жіберді.
Осылайша Месси үшін ұлттық құрамадағы соңғы матч тағы бір әлем чемпиондығымен аяқталған жоқ. Дегенмен бұл жеңіліс оның Аргентина футболындағы орнын өзгерте алмады.
21 жыл және футбол тарихындағы өшпес із
Месси Аргентина құрамасындағы мансабын 207 матч және 125 голмен аяқтады. Ол ұлттық құрама тарихындағы ең көп матч өткізген әрі ең көп гол соққан футболшы ретінде қалды.
Аргентинамен бірге Лео 2022 жылғы әлем чемпионатын, 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогын, 2022 жылғы Финалиссиманы жеңіп алды. Бұған қоса, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының чемпионы атанды. Ал ересектер құрамасындағы дебютіне дейін 2005 жылы Аргентинаның жастар құрамасымен әлем чемпионатын жеңіп, сол турнирдің үздік ойыншысы әрі үздік сұрмергені болды.
Оның ұлттық құрамадағы тарихында бәрі болды. 18 жасындағы алғашқы матчта алаңда бір минутқа да жетпей қызыл қағаз алды. Кейін бірнеше финалда жеңіліп, сынның астында қалды, тіпті бір сәтте құрамадан кетуге шешім қабылдады.
Бірақ Месси қайта оралды. Күтті. Күресті. Ақыры 2022 жылы капитан ретінде әлем чемпионатының кубогын төбесіне көтерді.
2026 жылы ертегідегідей тағы бір чемпиондықпен қоштасу бұйырмады. Бірақ оған енді ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті де жоқ еді. Қызыл қағазбен басталған 21 жылдық жол әлем футболындағы ең ұлы халықаралық мансаптардың біріне айналды.
