«Қайратты» «кездейсоқ команда» деп атаған ресейлік комментатор қазақстандық жанкүйерлерге жауап берді
Okko комментаторы Владислав Батурин Sports24.kz порталына эксклюзивті сұхбатында қазақстандық әлеуметтік желідегі кейбір қолданушылардың сынын түсіндірді.
Владислав Батурин кеше Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің төртінші турындағы «Интер» – «Қайрат» матчына комментарий берді. Репортаж кезінде ресейлік комментатор «Қайратқа өзінің орнын көрсету керек» деп атап, бұл сөз кейбір жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Атап айтқанда, блогер Айгерім Жомарт әлеуметтік желіде былай деп жазды:
«Комментатордың «Қайратқа» деген ашық антипатиясы байқалады. Қаншама сарказм, ирония, пассивті агрессия айтылды».
Біз осы жағдайды түсіндіру үшін Батуриннің өзімен байланысқа шықтық.
«Мен қателесіп айттым — бұл пікірді кейбір топтардың, мысалы, Еуропаның ТОП-клубтарының жанкүйерлері білдіреді деп түсіну керек еді. Өзім ондай ойда емеспін. Қазақстандағы жанкүйерлер эфирде не айтылып жатқанын мұқият тыңдауы керек. Сол репортажды қайта қарап шықсаңыздар, не айтқым келгенін түсінесіздер. Иә, үлкен еуропалық футбол қауымдастығы үшін «Қайрат» секілді командалар, жалпы Чемпиондар лигасына алғаш рет қатысып жатқан кез келген ұжым, белгілі бір дәрежеде «кездейсоқ команда» ретінде қабылданады. Себебі олар әлі кең аудиторияға таныс емес, футбол Еуропасының орталығынан алыс орналасқан, сондықтан оларға осындай көзқараспен қарайды. Дәл осыны айттым. Бұл – менің жеке пікірім емес, бұл – еуропалық қарапайым футбол жанкүйерінің көзқарасы», – деді Батурин.
Кеше ғана «Интер» Чемпиондар лигасындағы матчта «Қайратты» 2:1 есебімен жеңді. Айта кетерлігі, «нерадзурри» алматылық клубқа қарсы ойынды оңай деп санамады.
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төрт турдан кейін «нерадзурри» әзірге ұпай жоғалтпаған үздік үш команданың қатарында тұр. «Қайраттың» еншісінде бір ұпай, 34-орын.
Алда «Интерді» мықты қарсыластар күтуде: «Атлетико», «Ливерпуль», «Арсенал» және дортмундық «Боруссия».