«Қайрат» жанкүйерлері клубқа бойкот жариялады
Алматылық «Қайраттың» №51 секторындағы белсенді жанкүйерлері клубқа бойкот жариялап, Премьер-лиганың алтыншы турындағы «Тобылға» (2:1) қарсы матчқа қатыспады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бойкоттың себебі – клуб басшылығы жанкүйерлердің бастамаларын бірнеше рет елемегені. Белсенді жанкүйерлер ресми түрде бойкот жариялап, өз ұстанымдарын «Тобылмен» болған матчта көрсетті. Олар ұзақ уақыт бойы клубпен конструктивті диалог орнатуға тырысқанын, фанаттық мәдениетті дамытуға қатысты идеялар ұсынғанын, алайда бастамалардың түсіндірмесіз қабылданбағанын мәлімдеді.
«Біздің бойкот – «Қайраттан» бас тарту емес, фанаттар қауымдастығына құрметсіздік пен әрекетсіздікке қарсы наразылық. Біз сұрамаймыз, біз құрмет талап етеміз. «Қайрат» – бұл біз, жанкүйерлер, клубтың жүрегі», – делінген фанаттар мәлімдемесінде.
Клуб әкімшілігі әзірге бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Еске салайық, «Қайрат» пен «Тобыл» арасындағы кездесу алматылықтардың 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. «Қайрат» 17 ұпай жинап, КПЛ-2025 турнирлік кестесінің көшін бастап тұр.