«Қайрат» U19 УЕФА Жастар лигасында алғашқы ұпайын еншіледі
26 қараша күні УЕФА Жастар лигасының жалпы кезеңінің бесінші туры аясында Данияда «Копенгаген» мен қазақстандық «Қайрат» өзара кездесті.
Бұл сырт алаңдағы кездесудің алғашқы таймын алматылық команда 1:2 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Ганалық Бойсон Фримпонгтың голына «Қайрат» сапынан Мансұр Бірқұрманов пен Рамазан Бағдаттың дәл соққыларымен жауап берді.
Екінші таймда қазақстандықтар ұзақ уақыт бойы жеңісті есепті ұстап тұрды. Алайда 90+3-минутта сол Бойсон Фримпонг таразы басын теңестірді.
УЕФА Жастар лигасы. 5-тур
«Копенгаген» U19 – «Қайрат» U19 – 2:2 (1:2)
Голдар: Бойсон Фримпонг, 24, 90+3 – Бірқұрманов, 8, Бағдат, 30.
«Қайрат» бұған дейінгі төрт ойында жеңіліп, жалпы кезеңдегі алғашқы ұпайын еншіледі.
9 желтоқсанда «Қайрат» U-19 Алматыда гректің «Олимпиакос» U-19 командасын қабылдайды.
Бүгін негізгі Чемпиондар лигасы аясындағы «Копенгаген» – «Қайрат» матчы 22:45-те басталады.