Абрамовичтің досы Сатпаевтың «Челси» клубына ауысуының шындығын ашты
Танымал ресейлік агент Герман Ткаченко Дастан Сатпаевтың «Челси» клубына ауысуының мән-жайын ашып айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ткаченконың айтуынша, Қазақстанда бұл трансферді Абдукодир Хусановтың «Манчестер Сити» клубына ауысуынан бұрын жариялағысы келген. Қалай болғанда да, бұл қадамға өзі қатты қуанады:
«Олар үшін бұл – бәсекелестік. Олар бұл жаңалықты Хусановқа дейін хабарлағысы келді, мен оны байқадым. Бірақ бұл мүлде қолдан жасалған мәміле емес. Бұл – шын мәнінде үлкен жетістік, және мен осы іске қатысуыма мүмкіндік берген «Қайратқа» алғыс айтамын.
Неге ол қазір ойнамайды? Себебі 18 жасқа толғанға дейін ешқайда ауысу мүмкін емес, бұл өте үлкен мәселе», – деді Ткаченко Alter Ego-ға берген сұхбатында.
Айта кетейік, Сатпаевтың «Челси» клубына ауысуы «Қайраттың» вингері 18 жасқа толған соң ғана іске асады. Алматылық жанкүйерлермен қоштасу 17 маусымда өтеді.