«Жанкүйерлер түсінбейді» — Смақов Қазақстан құрамасына Молдовамен матч алдында үн қатты
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, «Атырау» бас бапкері Самат Смақов Ұлттар лигасында Молдова мен Словакияға қарсы өтетін алдағы матчтарда ұлттық құраманың мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Құрамамыз қиын жағдайда тұр. Бұл екі ойында міндетті түрде жеңіске жету керек. Ең алдымен, әлемдегі ең төзімді жанкүйерлеріміз мұны түсінбейді. Жігіттердің шегінерге жолы жоқ. Осы екі матчта олар барын салып, өздері үшін емес, Отан үшін ойнауы керек. Оның үстіне, алдыңғы ойындарға қатыспаған жарақат алған футболшылар сауығып үлгерді. Сондықтан бапкерлер штабы оңтайлы негізгі құрамды таңдауда біршама мүмкіндікке ие болады», — деді Самат Смақов.
Еске салайық, Ұлттар лигасы аясында Қазақстан құрамасы 13 қарашада сырт алаңда Молдовамен ойнайды, ал 16 қарашада Астанада Словакияны қабылдайды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы өз алаңында Молдоваға 1:2 есебімен сенсациялық түрде жеңіліп қалды.
Алдағы матчта Қазақстан құрамасына Англияның «Бернли» клубының шабуылшысы Дастан Сатпаев көмектесе алмайды. Самат Смақов бұған дейін шабуылшының қайталанған жарақаттары «Қайрат» сапында ойнаған кезеңдегі матчтардың жоғары қарқындылығына байланысты екенін айтқан болатын.
Смақов Сатпаевтың «Бернлидегі» жарақаттарының себебін түсіндірді