«Темир алып шығады деп сенімді болдым» – Мрынский «Омонияны» жеңгені туралы
«Қайраттың» қорғаушысы Александр Мрынский Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі кипрлік «Омонияға» қарсы қарымта матчтағы жеңіс туралы әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Бізде гол соғатын мүмкіндіктер көп болды, бірақ кей тұста нәтижелі аяқтау жетіспеді. Жеңіске деген құлшыныс өте жоғары болды. Пенальти сериясына келсек, Темирлан алып шығады да, келесі кезеңге өтеміз деп сенімді болдық. Сол сәтте бірден «Селтикпен» өткен матчтың естеліктері көз алдымнан өтті», – деді Александр Мрынский.
Еске салайық, Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта Рафаэль Уразбахтиннің командасы кипрлік «Омонияны» жеңді. Негізгі уақыт Эдмилсонның голының арқасында 1:0 есебімен аяқталды, ал қос матчтың жеңімпазы пенальти сериясында анықталды. Онда «Қайрат» футболшылары дәлірек болып, 6:5 есебімен жеңіске жетті.
Сонымен қатар матч барысында кипрлік клубтың екі ойыншысы қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Алайда сан басымдығы «Қайратқа» негізгі немесе қосымша уақытта барлық мәселені шешуге көмектесе алмады. Бұған дейін «Қайраттың» капитаны Александр Мартынович команданың ойынындағы бар мәселелерге назар аударған болатын.
Алда Владимир Стоиловтың бұрынғы клубына қарсы кездесулер күтіп тұр.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Қайраттың» қарсыласы болгариялық «Левски» болады. Бұған дейін қос матчтық қарсыласуда Болгария чемпионы Румынияның Крайова қаласының «Университатя» клубынан басым түсті. 4 тамызда «Қайрат» алғашқы ойынын Софияда өткізсе, 11 тамызда Қазақстанда қарымта матч өтеді.