Зидан Франция құрамасындағы жұмысын маңызды өзгерістен бастады
Франция ұлттық құрамасы Зинедин Зиданның бас бапкер қызметіне тағайындалуынан кейін ресми түрде жаңартылған эмблемасын таныстырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Франция футбол федерациясы (FFF) ребрендинг жасап, атақты галль қоразын бейнелейтін жаңа логотипті ұсынды. Федерация өкілдерінің айтуынша, жаңа эмблема – «бәрімізді біріктіретін символ» және француз футболындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
Жаңа фирмалық стиль Зиданның ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалғаннан кейін көп ұзамай таныстырылды. Ол бұл қызметте Дидье Дешамның орнын басты. Осылайша, аты аңызға айналған бұрынғы жартылай қорғаушы Франция құрамасындағы жұмысын жаңа турнирлерге дайындықтан ғана емес, команданың жаңартылған келбетін таныстырудан да бастады.
Еске салсақ, Дидье Дешам Франция құрамасын он жылдан астам уақыт жаттықтырып, 2018 жылғы әлем чемпионы атанды және 2022 жылғы әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Ал соңғы әлем біріншілігінде француздар төртінші орынға тұрақтады.
Енді Зинедин Зиданның алдында Франция құрамасын әлемдік футболдың шыңына қайта шығару міндеті тұр. Ал жаңартылған эмблема ұлттық командадағы жаңа дәуірдің алғашқы нышандарының біріне айналды.