«Біз үлкен жауапкершілікпен дайындалып жатырмыз» – Диас Досқараев Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне дайындық туралы
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев әйелдер ұлттық құрамасының Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне дайындығы туралы Sports24.kz сайтына айтып берді.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы әлемнің үздік сегіз командасының қатарына еніп, Қытайдың Шэньчжэн қаласында өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды. Турнир 22–27 қыркүйек аралығында өтеді.
Қазақстан құрамасының намысын Елена Рыбакина, Анна Данилина, Юлия Путинцева, Жібек Құламбаева, Соня Жиенбаева қорғайды.
«Барлық ойыншылардың да жігері жоғары, турнирге тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Басты ойыншыларымыз – Рыбакина, Путинцева, жұптық сында Данилина, ол қазір өзін жақсы көрсетуде, Жиенбаева мен Құламбаева – барлығы да қызу дайындық үстінде. Сондай-ақ, соңғы екі-үш жылда жетіліп келе жатқан жас құрамамыз да бар. Алдымен, қатарынан екі турнирде жеңіске жеткен Асылжан Арыстанбекованы атап өтер едім. Жиенбаева секілді рейтингте жоғарылап келеді», – деді Диас Досқараев.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы турнирді Испания командасына қарсы матчпен бастайды. Бұл ширек финалдық кездесу 23 қыркүйекте сағат 14:00-де (Қазақстан уақытымен) өтеді.
Әр қарсыласу үш матчтан тұрады: екі жекелей кездесу және бір жұптық ойын.
«Біз білетіндей, Испания оңай қарсылас емес. Олардың ойыншыларының таңдауы кең, жұптық сында да мықты теннисшілері бар. Сондықтан Испанияға қарсы ширек финал – бұл жақсы мүмкіндік деп есептеймін. Өткен жылы біз АҚШ құрамасына өте тартысты кездесуде есе жібердік, ал олар кейін финалға шығып, Италияға қарсы ойнады. Бұл жерде әрбір командада трофейді жеңіп алу мүмкіндігі бар. Әрине, біз үлкен жауапкершілікпен дайындалып жатырмыз. Әлем чемпионатында трофей алу – ерекше мүмкіндік», – деді Диас Досқараев.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы турнирдің финалдық кезеңіне Канада құрамасын өз алаңында жеңгеннен кейін (3:1) жолдама алған еді. Қазіргі трофей иегері – Италия құрамасы.