Қазақстанда «Сабахтың» «МЮ»-мен матчына көңіл көншітпейтін болжам жасалды
Белгілі қазақстандық спорт журналисті әрі комментатор Дидар Есемов УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі ағылшынның «Манчестер Юнайтед» және әзербайжандық «Сабах» командалары арасындағы алдағы матчқа болжам жасады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Матч 10 қыркүйекте Манчестердегі «Олд Траффорд» стадионында өтеді және Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады. Қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін матчтың маңызы ерекше, өйткені «Сабахтың» қақпасын Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов қорғайды. Покатилов үшін Манчестердегі ойын Чемпиондар лигасының негізгі турниріндегі дебют болмақ.
«Менің ойымша, бұл матчтың фавориті анық. «Манчестер Юнайтед» бірнеше маусымнан кейін Чемпиондар лигасына қайта оралды және «қызыл сойқандар» үшін бұл матч мерейтойлық — басты еурокубок аясындағы жүзінші ойын.
«Сабахқа» келер болсақ, бұл — «Олд Траффордтағы» дебют. Сондықтан әзербайжандық клубтың ойыншылары қысымға тап болады. Меніңше, Покатиловтың командасының «Манчестер Юнайтедке» қарсы мүмкіндігі жоқ. «Манчестер Юнайтед» Англия Премьер-лигасындағы маусым басындағы сәтсіздіктерден кейін оңалуы керек, Майкл Кэррик ең мықты құрамын шығара алады және мен «қызыл сойқандардың» ірі есеппен жеңісін күтемін», — деді Дидар Есемов.
Бұған дейін УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы негізгі кезеңнің бірінші турындағы барлық матч, соның ішінде Манчестердегі ойын да бір минут үнсіздікпен басталатынын хабарлаған еді.
Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі жеребе қорытындысы бойынша «Сабах» Испанияның «Барселонасы», Англияның «Арсеналы», Германияның дортмундтық «Боруссиясы», Италияның «Наполиі», Испанияның «Вильярреалы», Чехияның «Славиясы» және Норвегияның «Викингімен» ойнайды. Ал Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев Стас Покатилов ұлттық құраманың негізгі қақпашысы атану үшін тағы да мүмкіндік алуға лайық екенін мәлімдеді.