«Андерлехт» жартылай қорғаушысы Чемпиондар лигасындағы «Қайратқа» қарсы матчтағы мақсаттары туралы
Бельгиялық «Андерлехт» командасының жартылай қорғаушысы Марко Кана Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті пікірінде УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алматылық «Қайратқа» қарсы жауапты матч алдында командасының көңіл-күйі туралы айтып берді.
Жылдам гол туралы
Бір апта бұрын бельгиялықтар Алматыдан 3:0 есебіндегі сенімді жеңіспен оралды. Марко Кана оң нәтижеге қарамастан, матчтың командасы үшін оңай өтпегенін мойындады.
«Біз бар күшімізді салуға мәжбүр болдық, мұны шын айтып отырмын, өйткені бізге өте жылдам гол соғу сәті түсіп, бірден барынша жоғары қарқынға көштік. Бірақ біз «Қайраттың» өте жинақы команда екенін, прессинг жасағанды ұнататынын және сапалы ойыншылары бар екенін көрдік. Қайталап айтамын, бұл оңай болған жоқ, бірақ Алматыда жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз», — деді Кана.
Менталитет туралы
Командасының жеңісіндегі басты факторды атаған бельгиялық футболшы менталитетке ерекше тоқталды.
«Біз барлық турнирде бәсекеге қабілетті болғымыз келеді. Еуропа лигасында ойнағымыз келеді. Үздік командалармен бәсекелескіміз келеді. Чемпионатта да күрескіміз келеді. Меніңше, Алматыда осындай жақсы ойын көрсетуіміздің себебі де осы. Біз барлық жерде бәсекеге түсуге дайынбыз әрі соған ұмтыламыз. Біздің менталитетіміз — басты себеп», — деп атап өтті Кана.
Еске салайық, УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы матчта «Қайрат» Алматыда өз алаңында «Андерлехттен» 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Бельгиялық команда үш доп айырмасындағы басымдығын алғашқы таймның өзінде қамтамасыз етті.
Жауапты ойын бүгін Брюссельде өтеді. Матч Астана уақытымен 23:45-те басталады.