Головкин ресми түрде Халықаралық бокс даңқы залына енді
Геннадий Головкин әлемдік бокс тарихындағы ерекше белесті бағындырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залының (IBHOF) жаңа мүшелерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті. Аталған шараның басты кейіпкерлерінің бірі қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкин болды.
Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Халықаралық бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық атанды. Салтанатты рәсім барысында Головкинге арнайы естелік сақина табысталып, оның есімі Даңқ залының тарихына мәңгілікке енгізілді.
Кәсіби мансабында GGG 45 жекпе-жек өткізіп, 42 рет жеңіске жетті. Оның 37-сі мерзімінен бұрын аяқталған. Қазақстандық боксшы WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, орта салмақтағы чемпиондық белбеуді ең көп қорғаған боксшылардың бірі ретінде тарихта қалды.
Даңқ залына қабылдануы Головкиннің әлемдік боксқа қосқан зор үлесінің тағы бір мәрте мойындалуы болды. Рәсімге оның бұрынғы бапкері Абель Санчес пен көпжылдық промоутері Том Леффлер де қатысып, тарихи сәттің куәсі болды.
Еске салсақ, бұған дейін Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына ену өзін ерекше мақтанышқа бөлейтінін айтып, бұл жетістікті мансабындағы ең маңызды марапаттардың бірі деп атаған еді. Қазіргі таңда қазақстандық маман World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарады.