Сәкен Бибосынов IBA Nomad турнирінде кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін өткізеді: қайдан көруге болады
Жұма, 28 тамызда Астанада IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирі өтеді. Кештің басты қатысушыларының бірі қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов болады. Ол кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Турнирдің тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен сағат 18:00-де басталады. Эфирді YouTube желісінен көруге болады.
Кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен Бибосынов Намибия өкілі Иммануэль Йозефпен кездеседі. Оның қарсыласының қоржынында 18 жеңіс, төрт жеңіліс және бір тең нәтиже бар. Ол жеті жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Бибосынов үшін бұл жекпе-жек кәсіпқой мансабындағы үшінші кездесу болады. Бұған дейін қазақстандық боксшы екі рет жеңіске жетіп, оның бірінде қарсыласын нокаутқа түсірген.
Кештің басты оқиғасы Санжар Ташкенбайдың кәсіпқой бокстағы дебюті болмақ. Қазақстандық боксшы филиппиндік Нил Хакомоспен (7-1, 1 КО) чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады. Бірінші ең жеңіл салмақтағы IBF Asia чемпионының бос тұрған титулы сарапқа салынады.
Сондай-ақ Еркебұлан Тоқтар (2-0, 2 КО) кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы өзбекстандық Бобиржон Исроилов (1-0, 1 КО) болады.
Бұдан бөлек, қазақстандық Руслан Мадиев (18-2-1, 6 КО) бокс ережесі бойынша, бірақ ММА қолғаптарымен ерекше жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы отандасы Имран Агаев болады.