Сәкен Бибосынов Астанадағы IBA Nomad турниріндегі маңызды жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады
Екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері, қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов 28 тамызда Астанада өтетін IBA Nomad турниріндегі алдағы жекпе-жекке дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан боксының жеңіл салмақтағы үздік өкілдерінің біріне WBO Africa титулының иегері, намибиялық боксшы Иммануэль Йозеф қарсы тұрады.
«Біз қарсыласымызды мұқият зерттедік және жекпе-жекке толық дайынбыз. Қазақстанға жарқын жеңіс сыйлағым келеді. Бұл — кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегім.
Сонымен қатар әуесқой және кәсіпқой бокс бағыттарында қатар өнер көрсетуге тырысып жүрмін. Әрине, екі бағыттың да өз ерекшеліктері бар, бірақ әр жекпе-жектен кейін шеберлігімді арттыруға тырысамын», — деді Сәкен Бибосынов.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов жекпе-жекке Тастемір Бибосынов бастаған, сондай-ақ ұлттық құраманың бұрынғы бапкері Мырзағали Айтжанов кіретін тәжірибелі команда жетекшілігімен дайындалды.
Бұған дейін Бибосыновтың жекпе-жекке дайындығының егжей-тегжейін SAQ Pro Team бас бапкері Дәулет Нұрланұлы айтып берген болатын.
Еске салайық, Астанадағы бокс кешінің басты оқиғасы екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай мен филиппиндік Нил Джакамос арасындағы жекпе-жек болады. Олар екінші ең жеңіл салмақтағы IBF Asia титулын сарапқа салады. Жекпе-жектердің тікелей трансляциясы Nomad Fighting-тің ресми YouTube арнасында қолжетімді болады.