Шок: бұрынғы бокстан әлем чемпионы Африкада атып өлтірілді
Оңтүстік Африка Республикасының Мданцане қаласында қайғылы жағдай болды: бұрынғы екі дүркін әлем чемпионы Золани Тете өз үйінің жанында қарулы шабуыл нәтижесінде қаза тапты, деп хабарлайды Sports24.kz.
21 тамыз кешкісін, 38 жастағы оңтүстік африкалық боксшы көлігінде отырып, қақпаның ашылуын күтіп жатқан. Дәл сол сәтте қасында тұрған көліктен екі бетперделі ер адам түсіп, оқ жаудырды. Тете оқтың астынан құтылу үшін үй ауласына кірмек болғанымен, ауыр жарақат алып, сол жерде көз жұмды.
Онымен бірге болған 27 жастағы әйел ауыр оқ жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді, жағдайы өте ауыр. Оңтүстік Африка полициясы «кісі өлтіру» және «кісі өлтіруге оқталу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. Шабуылдаушылар әлі ұсталған жоқ, оларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
«Соңғы туылған» лақап атымен танылған Золани Тете өз дәуірінің ең атақты оңтүстік африкалық боксшыларының бірі еді, оның еншісінде 29 жеңіс (22-сі нокаутпен) және 4 жеңіліс бар. Ол IBF нұсқасы бойынша супержеңіл салмақта және WBO нұсқасы бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы атағына ие болған.
2017 жылдың қарашасында Тете әлем чемпиондық белбеу үшін жекпе-жекте ең жылдам нокаутпен Гиннестің рекордтар кітабына енген еді: ол Сибонисо Гоньюді алғашқы соққысымен небәрі 11 секундта нокаутқа түсірген. Төртжылдық дисквалификациядан кейін Тете қарашада рингке оралуға белсенді дайындалып жүрген болатын.