Санжар Тәшкенбайдың кәсіпқой бокстағы дебюті: қайдан көруге болады
Жұма, 28 тамызда Астанада IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирі өтеді. Кеш барысында бірнеше танымал қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Турнирдің тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен сағат 18:00-де басталады. Оны YouTube платформасынан тамашалауға болады.
IBA x NOMAD: INTERNATIONAL BOXING DAY | TASHKENBAY vs JACOMS | TOKTAR vs ISROILOV
Кештің басты жекпе-жегінде Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы дебютін өткізеді. Қазақстандық боксшы филиппиндік Нил Хакамоспен (7-1, 1 КО) чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады. Бұл жекпе-жекте бірінші ең жеңіл салмақтағы IBF Asia чемпионының бос титулы сарапқа салынады.
Сәкен Бибосынов (2-0, 1 КО) кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы — Намибия өкілі Иммануэль Джозеф (18-4-1, 7 КО).
Сондай-ақ Еркебұлан Тоқтар (2-0, 2 КО) кәсіпқой мансабындағы үшінші кездесуін өткізеді. Ол өзбекстандық Бобиржон Исроиловпен (1-0, 1 КО) кездеседі.
Тағы бір қазақстандық Руслан Мадиев (18-2-1, 6 КО) бокс ережесі бойынша, бірақ ММА қолғаптарымен ерекше жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы — отандасы Имран Агаев.