Рамос Нұрсұлтановтың WBC титулы үшін жекпе-жек алдындағы деңгейін бағалады
Америкалық боксшы Хесус Рамос-кіші (24-1, 19 КО) жеңіліс көрмеген қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен (20-0, 11 КО) алдағы жекпе-жегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жекпе-жек 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді. Кездесуде Рамосқа тиесілі WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы уақытша чемпиондық титул сарапқа салынады.
Америкалық боксшының айтуынша, ол әкесі және жаттықтырушылар штабымен бірге жекпе-жекке мақсатты түрде дайындалып жатыр. Сонымен қатар жанкүйерлерге тартысты кеш сыйлауды көздейді.
Алайда Рамос Нұрсұлтановты осы уақытқа дейін кездескен ең қиын қарсылас деп санамайды. Ол Владимир Эрнандесті, Джейсон Росарионы және Шейн Мосли-кішімен болған жекпе-жектерін мысал ретінде келтірді.
«Жоқ, шынымды айтсам, олай деп ойламаймын. Мен бұған дейін Владимир Эрнандес, Джейсон Росарио, Шейн Мосли-кіші секілді өте мықты боксшылармен кездестім. Ол қарсыластар да өте қиын болды. Мейірім де жеңіске жетуге деген зор ықыласпен рингке шығады. Ол бірнеше жылдан бері жекпе-жек өткізген жоқ», – деді Рамос Felipe CorralTV арнасына берген сұхбатында.
Нұрсұлтанов кәсіпқой рингте жеңіліссіз келе жатыр. Рамосты жеңген жағдайда қазақстандық боксшы орта салмақтағы толыққанды WBC чемпионы, Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамеспен чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасу мүмкіндігіне ие болады.
Мейірім соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың қарашасында өткізді. Ол Ташкентте өткен бокс кешінде чилилік Карлос Аламосты сенімді түрде жеңген болатын. Содан бері Нұрсұлтанов рингке шыққан жоқ және өз мүмкіндігін күтті.