Әлімханұлы титулдық жекпе-жек алдында Нұрсұлтановқа қолдау білдірді
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы отандасы Мейірім Нұрсұлтановқа америкалық Хесус Рамос-кішімен WBC ұйымының орта салмақтағы уақытша титулы үшін өтетін жекпе-жек алдында қолдау білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.
Жәнібек Instagram желісінде отандасының жазбасының астына «Сәттілік бауырым» деп пікір қалдырды.
Еске салайық, Нұрсұлтанов пен Хесус Рамос-кіші арасындағы жекпе-жек 20 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді. Жекпе-жектің тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 07:00-ден кейін басталып, DAZN платформасында қолжетімді болады.
Бұл жекпе-жекте америкалық боксшы иелік ететін WBC уақытша чемпионының белбеуі сарапқа салынады.
Нұрсұлтанов үшін бұл жекпе-жек үш жылға жуық уақыттан кейінгі алғашқы айқасы болмақ. Қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылдың қарашасында рингке шығып, төрешілердің бірауызды шешімімен чилилік Хулио Аламосты жеңген еді.