Әлімханұлы командасында Шираздың бас тартуына қатысты пікір білдірді
Жәнібек Әлімханұлының командасы британиялық Хамза Шираздың онымен жекпе-жекте титулын міндетті түрде қорғаудың орнына WBO нұсқасы бойынша супер орта салмақтағы чемпиондық белдігінен бас тарту туралы шешіміне түсініктеме берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық боксшының менеджері Берік Сұлтан британиялықтың Жәнібектен жеңіліп қалудан қорыққанын айтты.
«Ассалаумағалейкум, қымбатты ағайын, құрметті „Қазақ стилінің“ жанкүйерлері, жағдайларыңыз қалай? Жаңалықтарды оқып, көріп, біліп отырсыздар. Біз ойлаған, күткен жағдай болды. Өйткені Хамза Шираз бен Жәнібек төрт рет спарринг өткізді. Біз сол спаррингтердің нәтижесін жақсы білдік. Басынан бастап Хамзаның Жәнібекке қарсы шығатынына күмәнмен қарадық, себебі оның орта салмақта да мүмкіндігі болған. Ол сол жекпе-жекті өткізуге бұған дейін де бас тартқан еді, енді Жәнібекке қарсы екінші рет шығудан бас тартып отыр.
Осылайша, ол өзіне тиесілі супер орта салмақтағы чемпиондық титулды босатты, яғни одан бас тартты. Енді қаржылық және басқа да түрлі сылтаулар ойлап табуы мүмкін. Бірақ біз бұл жерде мәселе ақшада емес екенін жүз пайыз білеміз. Әрине, біз Хамзаны түсінеміз: спорттағы жарқырап келе жатқан жұлдыздың Жәнібектен жеңіліп, мансабын сәтсіз аяқтағысы келмейтіні анық. Бұл түсінікті жағдай», — деп Сұлтанның сөзін Sports.kz келтіреді.
Еске сала кетейік, WBO Шираздың супер орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан өз еркімен бас тартқанын растады. WBO әлем чемпионаты комитеті бұл дивизион бойынша шешімін дүйсенбі, 21 қыркүйекте шығарады.