Исроилов Тоқтардың жеңіске жетуінің жалғыз жолын атады
Өзбекстандық файтер Бобиржон «Испанчик» Исроилов Еркебұлан Тоқтармен алдағы жекпе-жекте қазақстандық спортшының жеңіске жетуінің жалғыз жолын атады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Өзбекстандық блогер әрі ММА файтерінің пікірінше, Тоқтар тек бірінші раундта нокаутпен жеңіске жете алады. Әйтпесе, қазақстандық спортшы үшін жекпе-жек оңайға соқпайды.
«Осы жекпе-жек алдында өте қарқынды дайындықтан өттім, сондықтан Еркебұланның жалғыз мүмкіндігі – мені бірінші раундта нокаутқа түсіру. Егер бұл іске аспаса, оған қиын болады», – деп Исроиловтың сөзін Sports.kz келтіреді.
Қазақстандық-өзбекстандық жекпе-жек 28 тамызда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында IBA Nomad лигасының турнирі аясында өтеді. 27 тамызда болашақ қарсыластар көз арбасу рәсімін өткізіп, салмақ өлшеу рәсіміне қатысты.
Бұған дейін Тоқтар «Испанчикті» қаншалықты жылдам нокаутқа түсіргісі келетінін айтқан болатын.