Елеусинов Астанадағы жол апаты мен қамаудан кейін АҚШ-қа кетуін түсіндірді
Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусинов оқырманының көлік жүргізу құқығынан жеті жылға айырылуына қатысты сұрағына жауап беріп, бұл жағдайдың Қазақстандағы өмірге деген көзқарасына қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жазылушылардың бірі спортшыдан жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тым қатаң деп санай ма және бұл жағдай оның мотивациясына әсер етті ме деп сұрады.
Елеусинов өз кінәсін мойындап, соңғы уақытта Қазақстанда өзін жазасыз сезінгенін атап өтті.
«Мен өзім кінәлімін... Қазақстанда шектен шығып кеттім... Мұнда мен ешкім емеспін», - деп жазды боксшы пікірге берген жауабында.
Еске салайық, 9 шілдеде Елеусинов көлікті алкогольдік мас күйде басқарғаны үшін ұсталды. Оқиға Астанада ірі жол апатына әкелді. Елорда әкімшілік соты боксшыны 20 тәулікке қамауға алып, көлік жүргізу құқығынан жеті жылға айырды.
28 шілдеде Елеусинов 20 тәуліктік әкімшілік қамау мерзімін өтеп, бостандыққа шықты. Ал тамыз айында кәсіпқой бокстағы келесі жекпе-жегіне дайындалу үшін АҚШ-қа аттанды.
18 тамызда спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында алкогольге қатысты мәселелері туралы айтып, оның Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарынан кейін басталғанын жеткізді. Сол Олимпиадада ол алтын медаль жеңіп алған болатын.
Данияр Елеусиновтің мансабы
Данияр Елеусинов — бокстан Олимпиада чемпионы. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшы 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленді.
2018 жылы Елеусинов кәсіпқой боксқа ауысты. 2020 жылы ол жартылай орта салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Кейін ұзақ уақыт бойы шаршы алаңға шықпағандықтан, спортшы чемпиондық белбеуінен айырылды.
Кәсіпқой бокста Елеусинов барлығы 13 жекпе-жек өткізіп, оның сегізінде нокаутпен жеңіске жетті.
2025 жылы қазақстандық боксшы UFC басшысы Дана Уайтқа тиесілі Zuffa лигасымен келісімшартқа отырды. Алайда қазіргі уақытта Елеусинов бұл лигада әлі бірде-бір жекпе-жек өткізген жоқ.
Олимпиада чемпионы соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 19 шілдеде Вашингтонда өткізді. Елеусинов филиппиндік Джеймс Бэконды мерзімінен бұрын жеңді.