«Бой ұзақтығы бір рилске сыятындай»: Тоқтар «Испанчикті» қанша уақытта нокаутқа түсіретінін айтты
Қазақстандық файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтар өзбекстандық Бобиржон «Испанчик» Исроиловты қанша уақытта нокаутқа түсіруді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Жекпе-жек бір рилске сыятындай болуы керек. Сонда қаралымы көп болады. Жекпе-жек шамамен бір жарым минутқа созылуы тиіс, сонда видео жақсы таралады», – деп Тоқтардың сөзін Sports.kz келтіреді.
Тоқтар мен «Испанчик» 28 тамызда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында IBA Nomad лигасының турнирі аясында жекпе-жек өткізеді. 27 тамызда болашақ қарсыластар көз арбасу рәсімін өткізді.
Еске салайық, Тоқтар бұған дейінгі жекпе-жегінде ресейлік поп-ММА файтері Артем Тарасовты мерзімінен бұрын жеңген болатын. Жекпе-жек үш минуттан үш раундқа жоспарланған еді, алайда кездесу бірінші раундта-ақ аяқталды. Еркебұлан алдымен қарсыласын ауыр соққылар сериясымен есеңгіретіп, кейін апперкотпен әсерлі түрде нокаутқа түсірді.