«Бір жеңіліс үшін бе?»: Сабырханның бапкері Азия ойындары алдында Қазақстан құрамасына үндеу жасады
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханның бапкері Ілияс Оралбеков 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама құрамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Маман әлеуметтік желідегі парақшасында Сабырханның маусымдағы басты додалардың бірінен тыс қалуы мүмкін екеніне таңданысын жеткізді.
«Әлемде бірінші нөмір саналатын боксшы неге Азия ойындарына қатыспауы керек? Бүкіл мансабындағы бір ғана жеңіліс бәрін шешіп кете ме?» - деп жазды Оралбеков.
Әңгіме Сабырханның ересектер арасындағы мансабындағы жалғыз жеңілісі туралы болып отыр. 10 сәуірде қазақстандық боксшы Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатының финалына дейін жетіп, 70 келіге дейінгі салмақта Иордания өкілі Зейад Ишаишпен кездесті.
Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан иорданиялық спортшыға берді - 5:0. Осылайша, Сабырхан турнирді күміс жүлдемен аяқтады. Бұған дейін қазақстандық боксшы қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, ұлттық құраманың негізгі спортшыларының бірі саналып келген.
Финалдағы нәтижеге қарамастан, Сабырхан Азия ойындарына баратын басты үміткерлердің қатарында қалып отыр. Дегенмен Қазақстан ерлер құрамасының түпкілікті құрамы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
70 келіге дейінгі салмақта бәсеке өте жоғары. Сабырханнан бөлек, құрамадағы орынға 2025 жылғы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов те таласып отыр. Сондықтан бұл салмақта кімнің таңдалатыны Азия ойындары алдындағы ең маңызды кадрлық шешімдердің біріне айналуы мүмкін.
2026 жылғы Азия ойындары Жапонияда өтеді. Бұл жарыс қазақстандық боксшылар үшін маусымдағы ең маңызды халықаралық сындардың бірі болмақ.