«Белбеуден бас тартуы мүмкін»: Ұлыбританияда Шираздың Әлімханұлымен жекпе-жекке асықпау себебін түсіндірді
Британдық спорт журналисі Джонни Рэйшман WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз бен қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы арасындағы ықтимал жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Рэйшманның айтуынша, Шираздың командасы әзірге Әлімханұлымен кездесуге аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Журналист британдық боксшы басқа ірі жекпе-жекке жол ашу үшін WBO чемпиондық белбеуінен де бас тартуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Мен Хамзаны мансабының алғашқы кезеңінен бері бақылап келемін және сол кезде-ақ оның әлем чемпионы бола алатынын айтқанмын. Ол шынымен де өте мықты боксшы. Бірақ қазір Жәнібекпен жекпе-жек оның командасы үшін басты жоспарлардың бірі емес сияқты», - деді Рэйшман.
Журналист Шираздың келісімшарт жағдайына да тоқталды. Оның сөзінше, британдықтың Queensberry промоутерлік компаниясымен қазіргі келісімі аясында тағы бір жекпе-жегі қалған. Егер тараптар ынтымақтастықты жалғастырмаса, чемпионның алдағы жоспары айтарлықтай өзгеруі мүмкін.
«Жәнібек оның келесі қарсыласы болады деп ойламаймын. Егер Хамза Queensberry-мен келісімін ұзартпаса, қазіргі келісімшарты бойынша тағы бір ғана жекпе-жегі бар. Тіпті оның екінші орта салмақтағы WBO белбеуінен бас тартуы да мүмкін деп ойлаймын», - деді ол.
Рэйшман мұндай шешімнің бір себебі ретінде Шираздың Сауль «Канело» Альвареспен ықтимал ірі жекпе-жегін атады. Егер мексикалық боксшы Кристиан Мбиллиді жеңіп, тараптарға біріктіруші жекпе-жек өткізуге мүмкіндік туса, мұндай кездесу мәртебе мен қаржы жағынан Әлімханұлына қарсы міндетті қорғаудан әлдеқайда тартымды болуы мүмкін.
«Егер Шираз шынымен Канеломен кездесуді көздесе, ал мексикалық Мбиллиден өтсе, онда біріктіруші жекпе-жек оның басты мақсатына айналады. Мұндай жағдайда ол үлкен мүмкіндікті күтпей тұрып, Жәнібекпен жекпе-жекте тәуекелге барғысы келмеуі мүмкін», - деп есептейді журналист.
Бұған дейін Әлімханұлы екінші орта салмаққа ресми түрде ауысып, орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінен өз еркімен бас тартқан еді. Жаңа дивизионға өткеннен кейін қазақстандық бірден Шираздың титулына басты үміткерлердің қатарына енді.
14 тамызда WBO Әлімханұлын Шираздың чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер ретінде бекітіп, екі тарапқа жекпе-жек өткізу жөніндегі келіссөздерді бастауды тапсырды. Командаларға шарттарды келісу үшін 20 күн уақыт берілді.
