Азия ойындарындағы-2026 Оразбек Асылқұлов жекпе-жегіне шолу
Қазақстан құрамасының боксшысы Оразбек Асылқұлов Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарындағы өнерін аяқтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
70 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалда қазақстандық боксшы Оңтүстік Корея өкілі Чан Дон Хванмен кездесті.
Алғашқы раундта қос боксшы да бастаманы өз қолына алуға тырысып, негізінен орта қашықтықта жұдырықтасты. Асылқұлов жақындаған сәтте дәл соққылар жасауға басымдық берсе, Дон Хван қарсы шабуылдар мен шегіну арқылы әрекет етуді жөн көрді. Бірінші үш минуттың қорытындысы бойынша төрешілер жекпе-жекті бөлінген шешіммен кореялық боксшының пайдасына берді.
Екінші раундта Дон Хван белсендірек шабуылдауға тырысқанымен, Асылқұловтың бірнеше қатты қарсы соққысынан кейін тактикасын өзгертуге мәжбүр болды. Ал Оразбек керісінше қысымды күшейтіп, белсенді шабуылдап, жақын қашықтықта комбинациялар орындады. Төрешілер бұл раундты да бірауыздан Дон Хванның пайдасына жазды.
Үшінші раунд бойы Оразбек қарсыласын рингте қуып, ауыр соққыларын дарытқанымен, төрешілер бұл үш минутты да кореялық боксшыға берді. Нәтижесінде төрешілердің бөлінген шешімімен 1:4 есебімен Оразбек Асылқұлов жеңіліс тапты.
Жекпе-жекке шолу:
Оразбек Асылқұлов — IBA нұсқасы бойынша 2025 жылғы әлем чемпионы. Дубайда (БАӘ) өткен әлем чемпионатының финалында қазақстандық боксшы Тәжікстан өкілі Хусравхон Рахимовты жеңіп, алтын медаль иеленді.
Сонымен қатар Асылқұлов — 2026 жылғы Азия чемпионы.