Азиада-2026: Назым Қызайбайдың жекпе-жегіне шолу
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Назым Қызайбай Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарындағы өнерін күтпеген жерден аяқтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық боксшы 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Назым Қызайбай үшін бұл жекпе-жек Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы алғашқы айқасы болды. 1/8 финалда оның қарсыласы Қытай өкілі Хуан Чжао атанды. Екі спортшы да жоғары рейтингінің арқасында турнирдің алдыңғы кезеңін өткізіп, жарысты бірден плей-офф кезеңінен бастады.
Бірінші раундта Қызайбай қарсыласына бірнеше рет дәл соққы жасағанымен, төрешілер басымдықты қытайлық боксшыға берді — 1:4. Айта кетейік, раундтың ортасында қазақстандық спортшының соққысынан кейін төреші нокдаунды тіркеген жоқ.
Екінші раундта жекпе-жестің сипаты өзгермеді. Хуан Чжао бұл кезеңде де төрешілер шешімімен басым түсті — 3:2.
Үшінші раундта қытайлық боксшының басымдығы айқын көрінді — 5:0. Нәтижесінде Хуан Чжао төрешілердің 4:1 есебіндегі бөлінген шешімімен жеңіске жетіп, Қызайбай Азиададағы алғашқы жекпе-жегінен кейін жарысты сенсациялық түрде аяқтады.
Видео шолу:
Айта кетейік, Жапониядағы турнир алдында Қызайбай 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне көтерілді. Қазақстандық спортшы бұған дейін әлемдік аренада үлкен жетістіктерге жетіп, үш рет әлем чемпионы атанған. 2026 жылғы Азия ойындарында ол жаңа салмақта өзін сәтті көрсетуге үміт артқан еді, алайда плей-оффтың алғашқы кезеңінен өте алмады.
Қызайбайдың Азия ойындарына қатысу тәжірибесі бар. Ол 2018 және 2023 жылдардағы құрлықтық додаларда өнер көрсеткен. Айти мен Нагоядағы ойындар қазақстандық боксшы үшін Азия деңгейіндегі кезекті жарыс болды. Алайда бұл жолы оның турнирдегі жолы 1/8 финалда аяқталды.