Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатының жартылай финалындағы қарсыластарын білді
Ливерпульде өтіп жатқан 2025 жылғы әлем чемпионаты қызу кезеңіне қадам басты. Қазақстан үшін алдағы екі күн аса маңызды болмақ – ұлттық құраманың бірнеше көшбасшысы шаршы алаңға шығады.
12 қыркүйек жанкүйерлер үшін тартысты бағдарламаға толы болмақ. Күннің басты айқасы – аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбайдың жекпе-жегі. Ол әлемдік рингтің аңызы саналатын кубалық Хулио Сезар ла Круспен күш сынасады.
Сол күні әйелдер арасындағы үш жартылай финал өтеді.
• Виктория Графеева (60 кг) – бразилиялық Ребека де Лима Сантоспен;
• Аида Абикеева (65 кг) – ирландиялық Грэйнн Мэри Уолшпен;
• Елдана Тәліпова (+80 кг) – польшалық Агата Качмарскамен.
Сондай-ақ дәл осы күні Назым Қызайбай (48 кг) мен Санжар Ташкенбай (50 кг) ширек финалда жұдырықтасады.
13 қыркүйек күні кезек ерлерге қайта тиеді. Махмұд Сабырхан (55 кг) қытайлық Лю Чуанға қарсы шығады. Ал Төрехан Сабырхан (70 кг) ағылшын Одэль Камарамен кездеседі. Әйелдер бағдарламасын 51 кг салмақтағы Алуа Балқыбаеваның қытайлық Ци Синьюмен жартылай финалы ашса, кешті 70 кг салмақтағы Наталья Богданованың ағылшын Шантель Ридпен айқасы түйіндейді.
Айта кетейік, осы турнирде Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай сенсациялық түрде жарыстан шығып қалды. Ол 1/4 финалда өзбек боксшысына есе жіберген болатын.