«Қауіпті жағдай»: Қазақстанда Шираздың WBO-ға тағылған айыптарына жауап берді
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков британиялық әлем чемпионы Хамза Шираздың Дүниежүзілік бокс ұйымына (WBO) қатысты айтқан мәлімдемелеріне жауап берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұған дейін Шираз WBO-ның Жәнібек Әлімханұлын екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуге міндетті үміткер етіп тағайындаған шешіміне наразылық білдірген еді. Британиялық боксшы бұл шешімнің артында жемқорлық болуы мүмкін екенін айтып, 2025 жылдың соңындағы допинг дауына байланысты қазақстандыққа чемпиондық жекпе-жек берілмеуі тиіс болғанын мәлімдеді.
Ерденбеков Әлімханұлына қатысты шешім қолданыстағы ережелер аясында қабылданғанын айтып, Шираз командасының айыптауларын негізсіз деп бағалады.
«Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті ретінде WBO шешіміне қатысты ақпараттық манипуляцияларға нүкте қойып, Хамза Шираз командасының мәлімдемелеріне толық құқықтық баға беру қажет деп санаймын», - деді Ерденбеков Tengri Sport-қа берген сұқбатында.
Оның айтуынша, Әлімханұлының ісіне алғаш болып КҚБФ-ның тәртіптік комиссиясы жан-жақты құқықтық және медициналық сараптама жүргізген. Істі қарау барысында тыйым салынған заттың өте аз мөлшерде анықталуы, оның спортшыға фармакологиялық артықшылық бермеуі, боксшының тергеумен толық ынтымақтасуы және бұған дейінгі допинг тарихының таза болуы ескерілген.
«Комиссия істі халықаралық No Fault or Negligence / No Significant Fault қағидаты, яғни кінәнің немесе елеулі салғырттықтың болмауы негізінде бағалады. Шешім қабылдау кезінде заттың ең төмен концентрациясы, фармакологиялық артықшылықтың болмауы, спортшының тергеумен толық ынтымақтастығы және оның мінсіз допинг тарихы назарға алынды», - деп түсіндірді федерация басшысы.
Ерденбеков WBO-ның кейіннен Әлімханұлының мәртебесін қалпына келтіріп, оны міндетті үміткер ретінде бекітуі ұйымның ережелеріне толық сәйкес келетінін де атап өтті.
Қазақстан федерациясы Шираздың Жәнібекпен бұған дейін де орта салмақта жұдырықтасуға мүмкіндігі болғанын еске салды. Ол кезде британиялық боксшы қазақстандықтың чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер атанғанымен, жекпе-жек өтпей қалды. Шираз басқа чемпиондық бағытты таңдап, кейін жоғары салмақ дәрежесіне ауысты.
Енді екі боксшының жолы қайта түйісті. WBO Әлімханұлын Шираздың екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуіне міндетті үміткер етіп тағайындап, тараптарға келіссөз жүргізу үшін 20 күн уақыт берді.
Осы шешімнен кейін Шираз резонанс тудырған сұқбат беріп, WBO-ны сынға алды және ұйым ішінде жемқорлық болуы мүмкін екенін айтты.