Амбициясы зор: Бибосынов әлем чемпионының титулына көз тікті
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингтегі үшінші жеңісінен кейін алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Сәкеннің айтуынша, Иммануэль Йозефті жеңгеннен кейін ол әлем чемпионы атануды мақсат етіп отыр.
«Жекпе-жегім енді ғана аяқталды. Енді сәл тыныстап, демалып аламыз да, жұмысымызды жалғастырамыз. Өзіңіз айтқандай, мен енді жас емеспін, күтіп отыратын уақыт жоқ. Чемпион атану үшін асығу керек, рейтингте менен жоғары тұрған боксшылармен жұдырықтасып, мүмкіндігінше ертерек үздік ондыққа кіруім қажет.
Егер мүмкіндік туып жатса, әлем чемпионы белбеуі үшін жекпе-жекті де тезірек өткізгім келеді. Өйткені елімізде бокстан әлем чемпионы атанғандар көп емес. Сондықтан сол санаулы ағаларымыздың қатарынан көрінгім келеді. Мүмкіндік болса, иншааллах, бәріне дайынмын. Еңбегіміздің жемісін көру үшін бар күшімізді салып, жұмыс істейміз. Қазақстан халқы үшін өзімді аямаймын», – деп келтіреді боксшының сөзін Sports.kz.
Түркістанның 29 жастағы өкілі Астанада өткен IBA Nomad бокс кешінде Намибиядан келген тәжірибелі боксшы Иммануэль Йозефпен сегіз раундтық жекпе-жек өткізді. Бибосынов алғашқы минуттардан-ақ бастаманы қолға алып, жекпе-жек бойы қарсыласынан белсендірек болды.
Қазақстандық боксшы айқасты мерзімінен бұрын аяқтай алмады. Дегенмен сегіз раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан оған берді.