Аққалықов - Умматалиев жекпе-жегі: Қазақстан боксшыларының жекпе-жектерін қайдан көруге болады
Қазақстан құрамасы Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing ұйымының Әлем кубогының екінші кезеңіндегі жарысын жалғастыруда. Турнирдің үшінші жарыс күнінде ұлттық құраманың үш өкілі рингке көтеріледі, деп хабарлайды Sports24.kz.
Таңғы сессия
Жарыс бағдарламасы Қазақстан уақытымен сағат 09:00-де басталады. Алғашқылардың бірі болып Серік Теміржанов пен Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңға шығады.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Теміржанов 1/8 финалда америкалық Салим Эллис-Беймен кездеседі. Жекпе-жек Астана уақытымен сағат 09:45-те басталады.
Одан кейін 70 келіге дейінгі салмақтағы Абылайхан Жүсіпов рингке көтеріледі. Қазақстандық боксшы 1/8 финалда бразилиялық Кайан Рейспен қолғап түйістіреді. Кездесудің басталуы сағат 11:00-ге жоспарланған.
Кешкі сессия
Кешкі бағдарламада Қазақстан намысын Сабыржан Аққалықов қорғайды.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 1/8 финалдық кездесуде ол Өзбекстан өкілі Жавохир Умматалиевпен күш сынасады. Жекпе-жек Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.
Қайдан көруге болады?
Қазақстандық боксшылар қатысатын барлық жекпе-жектердің тікелей трансляциясы World Boxing ұйымының ресми YouTube арнасында көрсетіледі.
Еске салайық, жарыстың екінші күнінде Қазақстан құрамасы төрт жеңіске қол жеткізіп, екі жекпе-жекте жеңіліс тапқан болатын. Турнирдің екінші күніндегі нәтижелермен осы жерден таныса аласыздар.