Футбол агенті қалай болуға болады?
Футбол агенті — спорттағы ең ықпалды мамандықтардың бірі. Олар миллиондаған трансферлерге де, еркін агент мәртебесіндегі футболшылардың ауысуына да ықпал етеді. Әрине, бұл нарық көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Sports24.kz агент жұмысының қалай ұйымдастырылатынын анықтап көрді.
Футбол агенті немен айналысады?
Агенттің негізгі міндеті — футболшының немесе клубтың мүддесін ойыншының бір клубтан екіншісіне ауысуы кезінде, сондай-ақ жаңа келісімшарт жасау жөніндегі келіссөздер барысында қорғау. Ол екінші тараппен жүргізілетін келіссөздердің басым бөлігін өз мойнына алып, бұл үшін комиссия алады.
Алайда агенттің жұмысы мұнымен шектелмейді. Жаңадан бастаған агентке футболшылардың өздері бірден келе қоймайды, сондықтан оларды өз бетімен іздеуге тура келеді. Сол себепті агенттің бойында скауттық қабілет те болуы керек — ол болашағы зор жас талантты өзгелерден бұрын байқай білуі қажет.
Клуб іздеумен қатар, агент футболшыға демеушілер табумен де айналысады. Кез келген жұлдызды ойыншы белгілі брендтердің жарнамалық бет-бейнесіне айналады немесе өзінің жеке сауда маркасын қалыптастырады.
Сонымен қатар агент футболшының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысына жауап береді. Ол ойыншының медиада жағымсыз қырынан көрінбеуін қадағалайды. Қажет болған жағдайда футболшының клубтағы имиджін де қалыптастырады.
Агенттің қызметін не реттейді?
Агент қызметін айқындайтын және әрбір маман таныс болуы тиіс екі негізгі құжат бар. Олар — Ойыншылардың мәртебесі мен трансферлері туралы регламент және Агенттер регламенті.
Бұл құжаттар әлем бойынша ФИФА тарапынан, ал Қазақстан аумағында футболшылар, клубтар мен агенттер арасындағы қарым-қатынастарды реттеу үшін Қазақстан футбол федерациясы тарапынан қабылданған.
Агент болу үшін не қажет?
Алдымен агенттік қызмет бойынша тәжірибе жинақтау қажет. Агенттіктер жаңадан бастаған мамандардың жұмыс ерекшелігін түсінуі үшін ара-тұра ынтымақтастық бағдарламаларын ұсынады.
Толыққанды агент болу үшін ФИФА талаптарына сай келу керек. Олар ФИФА Агенттер регламентінің 5-бабында егжей-тегжейлі көрсетілген. Қысқаша айтқанда, негізгі талаптар мынадай:
- салық төлеуден жалтару, алаяқтық, ұйымдасқан қылмыс, жыныстық сипаттағы қылмыстар және басқа да осыған ұқсас баптар бойынша сотталмаған болуы;
- футбол қызметінен екі жылдан астам уақытқа шеттетілмеуі;
- мүдделер қақтығысын болдырмау үшін ФИФА-да, кез келген конфедерацияда, лигада, клубта немесе футбол федерациясында қызмет етпеуі;
- букмекерлік кеңсе секілді бәс тігу саласындағы ұйымдармен байланысы болмауы.
Егер үміткер барлық талапқа сай келсе, келесі қадамға — ФИФА сайтында өтінім толтырып, емтихан тапсыратын федерацияны таңдауға болады.
Үміткердің өтінімі қабылданған жағдайда, оны федерацияға емтихан тапсыруға шақырады. Емтихан сұрақтарын да, оның өткізілу күнін де ФИФА белгілейді.
Емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін үміткер ФИФА лицензиясын алады. Дәл осы лицензия оған футбол агенті ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Заңнамалық талаптардан бөлек, жұмыстың практикалық қырлары да бар. Мысалы, клуб өкілдерімен және журналистермен байланысы жоқ агенттің табысқа жетуі қиын. Сондықтан агенттер түрлі матчтарға жиі барып, футбол әлеміндегі әртүрлі мамандармен танысып қана қоймай, болашағы зор ойыншыларды бақылап, оларды өз агенттігіне шақыруға мүмкіндік алады.