ВИДЕО: Қазақстан әнұраны Билли Джин Кинг кубогының орталық кортында шырқалды
23 қыркүйекте Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Қазақстан мен Испания құрамалары арасындағы матч басталды. Кездесу алдында Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы кортта Қазақстан Республикасының әнұраны орындалды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Әнұран орындалған кезде Соня Жиенбаева, Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин қолдарын жүрек тұсына қойды.
Қазақстан мен Испания арасындағы кездесуде алғашқы болып Соня Жиенбаева мен Джессика Бусас Манейро кортқа шықты. Сенімді жеңісті испаниялық теннисші иеленді.
Матч Юлия Путинцева мен Кристина Букса арасындағы жекпе-жекпен жалғасты. Қазақстанның екінші ракеткасы жеңілген жағдайда, Қазақстан құрамасы да жалпы кездесуде жеңіліс табады. Себебі Дэвис кубогынан айырмашылығы, мұнда жеңіс екі ұпайға дейінгі кездесулердің қорытындысы бойынша анықталады.
Егер Қазақстанның екінші ракеткасы есепті теңестіре алса, шешуші матчта Анна Данилина мен Жібек Құламбаева Кристина Букса мен Сара Соррибес Тормо жұбына қарсы ойнайды.