Рыбакинаның физиотерапевті US Open-дегі жеңіс алдындағы қысым туралы айтты
Елена Рыбакинаның физиотерапевті Стефан Дюлль қазақстандық теннисшінің US Open-2026 турниріндегі жеңісінен алған әсерімен бөлісіп, жарыс алдында командаға қандай қиындықтарды еңсеруге тура келгенін айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Рыбакина АҚШ ашық чемпионатына Цинциннатидегі жарыста алған жарақатынан кейін келді. Біраз уақыт оның US Open турниріне қатысуы сұрақ белгісінде болды. Дюлльдің айтуынша, қорытынды жеңіс бүкіл команданың еңбегінің нәтижесі болған.
«АҚШ бойынша алты аптаға созылған қандай ессіз сапар! Бұл соңғы 20 жылдағы ең шиеленісті кезеңдердің бірі болды деп ойлаймын — нағыз эмоциялық тербеліс! Бізге, әсіресе маған, орасан зор қысым түсті: бір сәтте мүмкін емес болып көрінген нәрсені жүзеге асыруға көмектесуім керек болды. Дәл осындай сәттерде барлығы сенен нағыз ғажайып күтеді. Бұған дейін де талай қиындықты еңсердік, бірақ соңғы үш аптада қол жеткізгеніміз барлық мүмкін шектен асып түсті», — деп жазды маман Instagram парақшасында.
Оның сөзінше, қазақстандық теннисшінің еңбегі оның бұрын көргендерінің бәрінен асып түскен.
«Мен сенің энергияңды, табандылығыңды және ерекше нәрсе жасауға деген ұмтылысыңды сезіндім — сен мұны шынымен жүзеге асырдың. Сен керемет деңгейде шоғырлана білдің. «Балық-қозғалтқыш» толық қуатында жұмыс істеді! Бұл жолда өте қиын сәттер болды, бірақ сен жауынгерше күрестің. Күн сайын сені жарысқа дайындау үшін бар күшімізді салдық. Нәтижесінде бір аптаның ішінде мансабыңдағы ең маңызды екі мақсатқа бірден қол жеткіздің. Бұл мүлде сенгісіз! Елена, атқарған жұмысың үшін сені мақтан тұтамын. Керемет нәтиже! Маған және менің жұмысыма сенім артқаның үшін, сондай-ақ осы керемет жолдың бір бөлігі болуға мүмкіндік бергенің үшін рақмет. Жарайсың, Рыбакина командасы!» — деп қорытындылады ол.
US Open-2026 турнирінің финалында Рыбакина Арина Соболенконы жеңіп, мансабындағы «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулына қол жеткізді.
Нью-Йорктегі турнирдегі жеңісінен кейін қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілді.