Рыбакина маусым қорытындысы бойынша әлемдік рейтингте бірінші орынды иеленетініне кепілдік берді
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Токиодағы турнирдегі алғашқы матчында жеңіске жеткеннен кейін, 2026 жылғы маусымды WTA әлемдік рейтингінің бірінші сатысында аяқтайтынына кепілдік берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Toray Pan Pacific Open турнирінің екінші айналымындағы кездесу Рыбакинаның пайдасына 6:2, 6:3 есебімен аяқталды. Бұл нәтиже қазақстандық теннисшінің жыл қорытындысы бойынша рейтингтегі көшбасшылығын бекітті. Енді оның ең жақын бәсекелестері қандай нәтиже көрсетсе де, Рыбакина бірінші орында қалады.
Рыбакина мансабында алғаш рет маусымды әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесінде аяқтайды. Бұған дейін ол қыркүйек айында АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісінен кейін рейтинг көшін алғаш рет бастаған еді.
Рыбакина қазақстандық дербиде Путинцеваны жеңді
Рыбакинаның табысты маусымы
2026 жыл қазақстандық теннисшінің мансабындағы ең нәтижелі маусымдардың біріне айналды. Ол Аустралия ашық чемпионатында, US Open турнирінде, Штутгарттағы жарыста және Нинбодағы WTA 500 санатындағы турнирде жеңіске жетті.
US Open финалында Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді. Ал Нинбода қазақстандық спортшы чемпиондық атағын қорғап, шешуші кездесуде канадалық Лейла Фернандесті 6:2, 6:2 есебімен ұтты.
Токиодағы турнирден кейін Рыбакина 8-15 қараша аралығында өтетін WTA қорытынды турниріне қатысады. Жарысқа маусымның үздік сегіз теннисшісі: Елена Рыбакина, Арина Соболенко, Мирра Андреева, Джессика Пегула, Кори Гауфф, Элина Свитолина, Каролина Мухова және Линда Носкова қатысады.
Қазақстандық теннисші 2025 жылы жеңіп алған титулын қорғайды. Сол кезде ол турнирдегі бес матчының бәрінде жеңіске жетіп, жүлде қоры ретінде бес миллион доллардан астам қаржы алған еді.
Айта кетейік, Рыбакина Токиодағы WTA 500 турниріндегі өнерін жалғастыруда. 30 қазанда ол жартылай финалға шығу жолындағы матчта Лейла Фернандеспен кездеседі.