Рыбакина Қазақстанның үздік спортшысы атағына басты бәсекелестерін атады
Кәсіби мансабындағы ең табысты маусымын өткізген қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2026 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің үздік спортшысы атағына қатысты пікір білдірді. WTA әлемдік рейтингінің көшбасшысы өзінің жетістіктеріне қарамастан, Қазақстанда бұл марапатқа лайық спортшылардың аз емес екенін атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Рыбакинаның айтуынша, отандастарының қолдауы оған жігер беріп қана қоймай, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Сонымен қатар теннисші өзге спорт түрлерінде өнер көрсетіп жүрген қазақстандықтардың жетістіктеріне назар аударды.
«Әрине, бұл мен үшін үлкен мәртебе. Қаншама адамның маған жанкүйер екенін сезіну – зор жауапкершілік. Өзге спортшылардың жетістіктеріне көз жүгіртсем, қазір қазақстандықтардың жақсы нәтиже көрсетіп жүргенін байқаймын. Мәселен, мәнерлеп сырғанаушы Шайдоров, тау шаңғысымен айналысатын қыздар да жақсы өнер көрсетіп жүр. Саша Сухорукованы танимын. Қазір көптеген спорт түрі дамып, спортшыларымыз нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Қазақстанның түрлі спорт саласында дамып, медаль жеңіп алып, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқаны қуантады», – деді Рыбакина.
Рыбакина атап өткен Михаил Шайдоров биыл еліміздің үздік спортшысы атағына басты үміткерлердің біріне айналды. Ақпан айында мәнерлеп сырғанаушы Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан спортының тарихына есімін жазды. Отандасымыз қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинады. Шайдоровтың тарихи жеңісінің арқасында Қазақстан 32 жылдан кейін қысқы Олимпиаданың ең жоғары тұғырына қайта көтерілді.
Биыл тау шаңғысы спортының өкілдері де үміт күттіретін нәтижелер көрсетті. Александра Скороходова жыл басында FIS халықаралық жарысында жеңіске жетіп, Италияның ашық чемпионатында күміс медаль иеленді. Ал ақпан айында алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысты. Қазақстандық спортшы үш дисциплина бойынша бақ сынап, супергигант сайысында 25-орынға тұрақтады. Бұл оның Олимпиададағы үздік нәтижесі болды.
Рыбакинаның өзі де еліміздің үздік спортшысы атағына таласта айтарлықтай басымдыққа ие. Елена 2026 жылы Australian Open және US Open турнирлерінде топ жарса, қыркүйекте мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастап, Қазақстан теннисінің тарихында жаңа белесті бағындырды.