Путинцева Нинбодағы турнирдің іріктеу кезеңінің финалына шықты
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA-500 санатындағы турнирдің іріктеу кезеңін сәтті бастады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Іріктеу кезеңінің бірінші раундында қазақстандық теннисші WTA әлемдік рейтингінде 1018-орында тұрған Қытай өкілі Йихан Куға қарсы ойнады.
Бірінші сет Путинцеваның бақылауында өтті. Ол қарсыласының добын екі рет қайтарып алып, партияны 6:1 есебімен сенімді жеңді.
Екінші сетте қытайлық теннисші анағұрлым табанды қарсылық көрсетті. Брейктер алмасқаннан кейін теннисшілер тай-брейкке жетті. Онда Путинцева қарсыласына бірде-бір ұпай бермей, матчты өз пайдасына 6:1, 7:6 (7:0) есебімен аяқтады.
Енді қазақстандық теннисші турнирдің негізгі кезеңіне өту жолдамасы үшін іріктеудің финалында ойнайды. Оның келесі қарсыласы америкалық Алисия Паркс пен бельгиялық Желен Вандром арасындағы матчтың жеңімпазы болады.
Айта кетейік, Нинбодағы турнирдің жалпы жүлде қоры 1,2 миллион долларды (546 миллион теңге) құрайды. Осы турнирдің негізгі кезеңінде әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакина да өнер көрсетуі тиіс. Ол былтырғы жарыста жеңіске жеткен болатын.