Медведев Алматыдағы турнир басталар алдында Бублик, Almaty Open және қазақтың шапаны туралы пікір білдірді
Almaty Open ATP 250 турнирінің қазіргі чемпионы Даниил Медведев Алматыдағы жарыс басталар алдында баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ресейлік теннисші маусымның қалған бөлігін барынша сәтті өткізіп, Алматыдағы титулын қорғауға ниетті екенін атап өтті.
«Әр турнирге келгенде, мүмкіндігінше көп ұпай жинауға тырысасың. Қазір маусымның соңы, сондықтан оны соңына дейін лайықты аяқтау керек. Әрине, мұнда неғұрлым көп ұпай жинасам, соғұрлым жақсы. Ең көбі — 250 ұпай, сондықтан бұл тамаша нәтиже болар еді. Мұнда жүргендердің бәрі сол бағалы 250 ұпайды жеңіп алғысы келеді.
Бұл — керемет турнир. Былтыр мұнда алғаш рет келген едім. Жағдайлар ұқсас, ұйымдастыру деңгейі де бұрынғыдай жоғары. Жақсы турнир, оның үстіне Еуропаға барар жолда орналасуы өте ыңғайлы. Маған Алматы ерекше ұнайды, сондықтан жақсы ойын көрсетуге тырысамын.
Мұнда ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде. Былтыр да, биыл да әйелім және балаларыммен бірге келгенім кездейсоқтық болды. Мұнда атмосфера өте жағымды. Бұл — екі себеп. Үшіншісі — былтыр осы жерде жеңіске жеткенім. Егер турнирде бір рет жеңіске жетсең, демек оның жағдайлары саған қолайлы болғаны», — деді ресейлік теннисші.
Ресейлік теннисші Қазақстан корттарында Александр Бубликпен ықтимал кездесуі туралы да пікір білдірді.
«Сашамен көптен бері ойнаған жоқпыз. Қателеспесем, соңғы кездесуде Галледе оған жеңіліп қалдым. Жалпы, теннисте бұл тұрғыда бәрі қызық: екеуіміз бір-бірімізбен өте сирек кездесеміз. Жеребе бойынша жартылай финалда өзара ойнауымыз мүмкін, бірақ алдымен матчтан матчқа дейін жету керек. Егер кездесетін болсақ, көрермендер үшін бұл теннис деңгейі жоғары, жақсы матч болады деп ойлаймын», — деп қосты Медведев.
Сондай-ақ теннисшіден былтыр Almaty Open турниріндегі жеңісінен кейін сыйға алған дәстүрлі қазақ шапаны туралы сұрады.
«Алматыдағы жеңістен кейін маған табыстаған шапан қатты ұнады. Үйімде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі кәдесыйлар сақталатын шкаф бар. Олардың бәрі жақсы естеліктер. Егер биыл тағы да жеңіске жетіп, екінші шапан табысталса, оны біреуге сыйлап жіберемін», — деді теннисші күлімсіреп.
Еске салайық, Almaty Open турнирі Алматыда 17-25 қазан аралығында өтеді және Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі осы санаттағы жалғыз жарыс саналады.
Бұған дейін Циципас Almaty Open турнирінің екінші айналымына өтті және Кукушкинмен ойнайды.