ESPN Елена Рыбакинаны жылдың үздік теннисшісі деп таныды
Америкалық ESPN спорт телеарнасы Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакинаны 2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша әйелдер турындағы үздік спортшы деп таныды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жылдың басты теннис оқиғаларына арналған материалда журналистер Рыбакинаның маусым бойы сәтті өнер көрсеткенін атап өтті. Әсіресе оның Australian Open мен US Open турнирлеріндегі жеңістеріне тоқталды.
ESPN 2025 жылдың соңында WTA қорытынды турнирінде топ жарғаннан кейін қазақстандық теннисші жоғары деңгейдегі ойынын жалғастырып, Australian Open-де қарсыластарына мүмкіндік қалдырмағанын еске салды.
Материал авторлары US Open алдындағы күрделі кезеңге де ерекше тоқталды. Денсаулығына байланысты Рыбакина толыққанды жаттыға алмады, сондықтан оның турнирдегі мүмкіндігі күмән тудырды. Алайда қазақстандық теннисші финалға дейін жетіп, онда Арина Соболенконы тағы да жеңді. Бұған дейін жартылай финалда америкалық Коко Гауффтан басым түскен еді. Бұл жеңіс Рыбакинаға мансабындағы «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулын, ал маусымдағы екінші титулын сыйлады.
ESPN ерлер арасында жылдың үздік теннисшісі деп германиялық Александр Зверевті атады. Ал 19 жастағы ресейлік Мирра Андрееваны «Ролан Гаррос» пен қорытынды турнирде жеңіске жеткені үшін жылдың серпілісі деп таныды.
Рыбакинаның жетістіктері
Өткен маусымда Рыбакина 54 жеңіске жетіп, 14 рет жеңіліс тапты және төрт титулды иеленді. Соның екеуі «Үлкен дулыға» турнирлерінде — Australian Open мен US Open-де жеңіп алынды.
Нью-Йорктегі жеңісінен кейін қазақстандық теннисші мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингін басқарды. Кейін ол жыл қорытындысы бойынша бірінші орынды қамтамасыз етіп, мұндай жетістікке жеткен Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.
Сондай-ақ Рыбакина WTA нұсқасы бойынша «Жыл ойыншысы» сыйлығына үміткер атанды.
Қазақстандық теннисші үшін маусымның соңы оңай болған жоқ: Индиан-Уэллстегі қорытынды турнир басталар алдында өзін жайсыз сезінгендіктен жарыстан бас тартты. Соның салдарынан әлемнің екінші ракеткасынан басымдығы 293 ұпайға дейін қысқарды.