«Семей» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде ойнайды: онлайн көру. ТІКЕЛЕЙ эфир
Сейсенбі, 24 қарашада, қазақстандық «Семей» футзалдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы алғашқы матчын өткізеді. Команданың қарсыласы украиналық «Атлетик» болады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу Молдованың Чореску қаласында өтіп, Қазақстан уақытымен 22:00-де басталады. Матчтың тікелей трансляциясын «Qazsport» телеарнасы көрсетеді.
Турнирдің негізгі кезеңінде «Семей» А лигасында өнер көрсетті. Қазақстандық клуб алты ұпай жинап, топта екінші орын алды. Команда словакиялық «Лученецті» (6:0) және швейцариялық «Минерваны» (5:1) ойсырата жеңгенімен, испаниялық «Барселонаға» 1:6 есебімен есе жіберді.
«Атлетик» В лигасында ойнап, жеті ұпаймен өз тобында бірінші орынға ие болды. Украиналық команда австриялық «Грацты» (3:1) және сербиялық «Лозницаны» (3:2) жеңіп, чехиялық «Хрудиммен» 3:3 есебімен тең түсті.
«Семей» мен «Атлетик» арасындағы қарымта матч 5 желтоқсанға жоспарланған. Ойын Семейде өтеді.