Александр Бублик US Open-2026 турнирінің жұптық сайысындағы алғашқы матчын жеңіспен бастады
Александр Бублик US Open-2026 турниріндегі өнерін жалғастырып жатыр. Жекелей сындағы жарысын аяқтағаннан кейін қазақстандық теннисші Қытай өкілі Шан Цзюнчэнмен бірге жұптық бәсекені жеңіспен бастады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алғашқы айналымда Бублик пен Шан аргентиналық Себастьян Баэс пен мажарлық Фабиан Марожанға қарсы ойнады. Қазақстан-қытай дуэті кездесуді сенімді өткізіп, қарсыластарын екі сетте жеңді - 6:2, 6:4.
US Open-2026. Ерлер. Жұптық сайыс. Бірінші айналым
Александр Бублик (Қазақстан) / Шан Цзюнчэн (Қытай) - Себастьян Баэс (Аргентина) / Фабиан Марожан (Мажарстан) - 6:2, 6:4
Екінші айналымда Бублик пен Шан Финн Рейнольдс / Джеймс Уотт (екеуі де - Жаңа Зеландия) - Гидо Андреоцци (Аргентина) / Манюэль Гинар (Франция) кездесуінің жеңімпаздарымен ойнайды.
Ал жекелей сында Бубликтің биылғы US Open турниріндегі жолы аяқталды. Қазақстандық теннисші үшінші айналымға дейін жетіп, америкалық Томми Полға қарсы ойнады. Бұған дейін Александр алғашқы екі кезеңнен сенімді өткен еді, алайда Полға есе жіберіп, жекелей сындағы жарыстан шығып қалды.